$ 445.66  474.58  4.78

Қуатты трансформатор құрастырылды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Кентау трансформатор зауыты тұңғыш рет 80 МВт-тық трансформаторды құрастырып шығарды. Бұл құрылғының бір данасының өзі Кентау секілді 10 ауданды электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Қуатты трансформатор Астана қаласындағы ЕХРО-2017 көрмесі өтетін ең маңызды аймақты жарықпен қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Айта кету керек, алпауыт трансформаторға қазіргі таңда 4 тапсырыс түскен. Жемісті еңбек тек зауытта ғана емес, республикада орын алып отырған тарихи жаңалық деуге болады. Себебі, бұған дейін ел көлемінде құрастырылатын трансформатордың ең қуаттысы 63 МВт қана болған.

“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған “Industrial Synergy-2016” атты халықаралық ғылыми техникалық конференция аясында 80 МВт-тық трансформатордың презентациясы өтті. Онда «Аlageum group» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Сейдулла Қожабаев көпшілік алдында зауыт ұжымының жұмысын жоғары бағалап, алғыс айтты. Мінберде сөз сөйлеген алыс жақыннан келген қонақтарда Кентау трансформатор зауытының жұмысын жоғары бағалады.

Конференция Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапты. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен 200-ден аса ғалымдар, 500-ге жақын делегаттар қатысып, "Қазақстандағы ғылымның өндіріспен бірге дамуы, әрі ғылымға негізделген өндірістердің инновациясы" тақырыбын кеңінен талқылады.

- Конференцияның басты мақсаты - экономикамыздың тұрақты дамуы. Біздің экономикамыздағы үлкен проблеманың бірі шикізатқа тәуелділік. Бұл өз қателіктерін көрсетті. Мұнай бағасы төмен түскен сайын біздің мәселелерімізде көбейе түсті. Бізде бәсекелестікке қабілетті тауаларды шығару, шет елге экспорттау өте аз. Осы арқылы біз біраз проблемаларды сезіндік. Енді бұл жағдайларды қалай орнына келтіреміз. Ол үшін жақсы өндірісті іске асырып, өнімділікті жоғарылатып, инновациялық жұмыстарды қолға алу керек. Ғылыми ізденістер арқылы жаңа тауарларды, жаңа өнімдерді шығарып, жаңа қызметтер көрсете алуымыз қажет. Конференция жұмысы барысында ашық әңгімелер айтылды. Көпшілік үшін өте тиімді ұсыныстар сөз болды, - деді "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.

Қазақстан машина жасаушылардың одағы төрағасының орынбасары Тимурлан Алтаев, трансфер және технологияны коммерциялау орталығының директоры Исмаил Тоқбергенов, «Алматы Вентилятор зауыты» АҚ президенті Марат Баққұлов, «КазЭкспортГарант» АҚ маркетинг және сату департаментінің жетекшісі Қуаныш Махажанов, Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Асқар Абубакиров «Аlageum» компаниясының қолға алған жұмыстары жөнінде жақсы пікірлерін білдірді. Ал, кәсіпорын қаланың мақтанышы екендігін атап өткен қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қаладан индустриалды аймақ ашылғанын айтып, кәсіпкерлерді кәсіп ашуға шақырды.

Конференция барысында «Ғылыми өндірісті дамыту және оған қолдау көрсету», «Қазақстан Республикасындағы өндіріске жаңа серпін» тақырыбында екі панельдік сессия өтті. "Кайдзен Арсенал" ЖШС-ның жетекші тренер-кеңесшісі, ресейлік "Арсенал Успеха" ООО директоры Анатолий Феськов жас мамандарға арнап шеберлік сағатын өткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары