10.11.2016, 12:14

Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында Кентауда тағы бір ғимарат пайдалануға берілді

Құтқарушылар күні қарсаңында және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Кентау қаласында күрделі жөндеуден өткен өртке қарсы қызмет көрсету мекемесінің ғимараты салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған жиында қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады.

Әрбір істің қиыны мен қауіпті жерлерінде жүретін, қаланың қауіпсіздік шараларын сақтап, халықтың тыныш өмір сүруіне талмай еңбектеніп жүрген өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінің еңбегі жоғары екендігін жеткізді. Жасаған еңбектері мен ерліктері ешқашанда ұмыт болмайтынын айтып өтті.

Салтанатты жиында қызмет бабында үздік деп танылған сала мамандары алғыс хаттармен марапатталды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Тұрдалы Кенжеқұлов,  қалалық мәслихат депутаты Керімжан Сырлыбаев өрт сөндіру бөлімінің еңбектері қиын да әрі күрделі жұмыс екенін атап өтіп, Алғыс хаттар табыстады. Мекеме қызметкерлеріде өз кезектерінде ел үшін абыройлы қызмет жасауға ант етті.

Қала басшысы бастаған көпшілік жаңадан ашылған ғимараттың ішін аралап көрді. Қазіргі заманауи талапқа сай жөндеуден өткен мекемеде қызметшілер үшін барлық жағдайлар жасалған. Жатын орындары таза әрі ыңғайлы, сабақ алу дәрісханасы да арнайы құлғылармен жабдықталған.