Ел егемендiгiн алған 25 жылдың iшiнде Кентау қаласындағы кiтапханалар жүйесiнде жағымды жаңалықтар көп болды. Мұндағы жасалған мүмкiндiктер кiтапханашыларға да, оқырманға да үлкен шарапатын тигiзуде.
Кiтапхана жүйесi бойынша кiтап қоры жылдан-жылға ұлғайып келедi. Оның iшiнде мемлекеттiк тiлдегi кiтаптар да көбейе түсуде. Қазақ тiлiнде кiтаптардың саны 1991 жылдан берi 60687 данаға артқан.
Кiтапханада РАБИС бағдарламасы орнатылып, кiтап қоры электронды каталогқа енгiзiлдi. Жаңадан келiп түсетiн кiтаптардың 90 пайызы мемлекеттiк тiлде болғандықтан, оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие.
1999 жылы Байылдыр ауылында №5, 2007 жылы Ащысай ауылында №7, 2008 жылы Бүргем елдi мекенiнде №8 кiтапхана-филиалы ашылып, ел игiлiгiне берiлдi. Ал, 2015 жылы орталық кiтапханада мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға арналған оқу залы ашылды. Онда кiтаптардан бөлек, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секiлдi интеллектуалды үстел ойындарын ойнауға жағдай жасалды. Мүмкiндiгi шектеулi жандардың кедергiсiз кiрiп-шығуы үшiн үш кiтапханаға пандус орнатылды.
Биыл қалалық орталық кiтапхана ағымдағы жөндеуден өттi.
— Кiтапханашылар да жыл сайын облыста, республикада арнайы курстардан өтiп, бiлiктiлiгiн жоғарылатуда, — дейдi Кентау қалалық орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң директоры Гүлнар Кокулова.
Бүгiнде, кiтапханада оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған. Мәдени-көпшiлiк шаралар, жергiлiктi ақын-жазушылармен кездесулер, кiтап көрмелерi, байқаулар жиi-жиi ұйымдастырылып тұрады. Соңғы 4-5 жылдың көлемiнде «Көшпелi кiтап көрмесiн» өткiзу iсi қолға алынды. Онда кiтапханашылар әрбiр мекемеге барып, күнделiктi күйбең тiршiлiктен қолы босамайтын қызметкерлердi жаңа кiтаптармен таныстырады. Ол туралы кең көлемде мәлiмет бередi.
Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «25 кiтап оқимыз» тақырыбында жасөспiрiмдер арасында өткен кiтап оқу марафонына және республикалық «Бiр ел – бiр кiтап» акциясына да кентаулықтар белсендiлiкпен қатысуда.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Кентау қаласы.