$ 448.15  483.46  4.86

Ұғымы кең үштiлдiлiк

Қазақстанның әлемдiк қауымдастыққа енуi және көп мәдениеттi бiлiм берудi дамыту жолында үштiлдiлiкке ұмтылуы маңызды рөл атқарады. Қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде оқып үйрену қосымша ақпарат көздерi мен жарқын келешекке жол ашады, өзге мәдениеттi меңгеруге септiгiн тигiзедi.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев республика халқына арнаған Жолдауында қазiргi таңда қазақстандықтар үшiн үш тiлдi меңгеру елiмiздiң қарқынды дамуының мiндеттi шарты және қажеттiлiк екенiн атап өттi. Бүгiнгi күнi үш тiлдi бiлiм беру жүйесiн енгiзу – әрбiр Қазақстан азаматы үшiн өзектi әрi маңызды.

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнiң ұжымы осы өзектi тақырыпта облыстағы жалпы бiлiм беретiн мектептерiнiң мұғалiмдерiне арнап «Үштiлдiлiк – заман талабы» атты семинар ұйымдастырды. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғанын айта кетейін. Жалпы, басқосуға жиналған 85 мұғалiм зияткерлiк мектеп ұстаздарының сабақтарына қатысып, iс жүзiнде үш тiлдi бiлiм беру қалай жүзеге асып жатқанын өз көздерiмен көруге мүмкiндiк алды. Аталған iс-шараның басты мақсаты – мектеп ұжымының жинақталған тәжiрибесiн тарату, үштiлдiлiктiң маңызын түсiндiру, осы жүйенi енгiзу кезiнде мектептерге көмек көрсету.

Математика, физика, химия пәндерiнiң мұғалiмдерi ТЕD баяндамаларында бейiндiк пәндердi оқыту барысында тiлдiк дағдыларды дамыту жөнiнде шетелдiк және отандық тренингтер мен курстардан алған тәжiрибелерiмен бөлiстi.

Семинар жұмысына мұғалiмдер ғана емес, оқушылар да белсене атсалысты. «ТЕDх» клубы мүшелерiнiң «Үш тiлдi не үшiн бiлуiмiз керек?» тақырыбында сөйлеген сөздерi әсерлi шықты. Оқушылар үштiлдiлiк саясатына өз көзқарастарын бiлдiрiп, бiздiң жас мемлекет үшiн өте қажет екенiне қонақтардың көзiн жеткiздi. Қазақстан Республикасының әр азаматы бұл саясаттың орындалуы мiндеттi деп қабылдауы тиiс. Сондай-ақ, қазiргi және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершiлiктi жете сезiнуi қажет.

Өткiзiлген семинар үштiлдiлiктiң шын мәнiнде заман талабы екенiн растады.

Қ.ӘБДIРАХМАНОВА, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнiң директоры.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары