Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған баспасөз мәжілісін осындай жаңалықпен бастады.
– Ол рейтингті біз жасаған жоқпыз. Ешкімге тапсырыс та берген жоқпыз, өтініш те жасаған жоқпыз. Үлкен тосын сый болды. Сондықтан барлығымыз «ең ыңғайлы қалада тұрып жатырмыз» деп мақтанып қойсақ болады, – деді.
Ұлы Жібек жолы бойында жатқан көне қаланың 25 жылда ауқымы кеңейіп, экономикасы өсті. Жасыл қаланың бас жоспары бекітіліп, аумағы 117 мың гектарға жетті. Іргелес жатқан үш ауданнан 40 елді мекен қаланың қарауына өтті. Сөйтіп халық саны да миллионға жуықтады. Шаһар бюджеті 1994 жылы 1 миллиард теңге болса, бүгінде 110 миллиард теңгеге жеткен. Инвестиция 200 миллиард теңгеге өскен. 75 мыңға жуық кәсіпкерлік субъект бар. Ширек ғасырда 4 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Ел экономикасының өсуі мен еңбекқор халықтың атқарған жұмысының арқасында қала еліміздегі алып мегаполистер қатарына кірді.
Қалада 1991 жылы 72 білім ұясы бар болса, қазір 169 мың оқушысы бар 129 мектеп жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде. Ал балабақша саны 129-дан 383-ке артып отыр.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыстар қолға алынып, қала әкімі аппараты мен бөлімдерде «Ашық әкімдік» бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаны іске асыру үшін «фронт офис» (бірыңғай кеңсе) құрылды. Енді тұрғындар ешқашан ешкім көтермейтін телефондарға қоңырау шалып әуреленбейді. Не мәселесі болса да, бірден «фронт-офиске» барады.
2000 жылдардың басында қалада жұмыссыздық деңгейі 17,2 пайыз болса, халық саны екі есеге өскеніне қарамастан жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап, аталған көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді.