Кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан мен басшылық ететін «Тұмар – ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізінен құрылысқа қажетті материалдар шығарумен айналысады. Кәсіпорнымызда дәл қазіргі уақытта 12 адам жұмыс істейді. Жазғы уақытта мұндағы жұмысшылардың саны қырыққа дейін жетеді. Орташа жалақы көлемі – 74 мың теңге. Салық органдарына биылғы жылдың үш тоқсанында 24 миллион теңге аудардық. Жұмысымыз өнімді, тұрмысымыз көңілді.
Біз мұндай жетістіктерге ненің арқасында қол жеткіздік?
Иә, қателескен жоқсыз, экономикалық тұрғыдан дұрыс есептей білудің арқасында мол табысқа қол жетті. Сосын жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдік. Бірақ, ең бастысы бұлар емес.
Ең бастысы, бәрі де тәуелсіздіктің арқасы. Мен кешегі кеңестік экономика салтанат құрып тұрған кезде де жұмыс істеген адаммын. Яғни біраз нәрсені салыстыра аламын. Ол кезде де аянбай жұмыс істедік. Бірақ ол кезде адам жанына бәрібір бірнәрсе жетіспей тұратын. Себебі сен ол кезде не үшін, кім үшін, кімнің Отаны үшін жұмыс істеп жүргеніңді түсінбейтінсің. Қазір бұл мәселенің бәрі түсінікті. Жақсы жұмыс істейсің бе, мархабат, жақсы тұруға құқылысыз. Отаныңыз да белгілі, ол – тәуелсіз Қазақстан!
Тәуелсіз Қазақстан демекші, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай біздің ұжым мүшелері де лайықты тарту жасауға уәделестік. Нәтижесінде облыста тұратын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген он отбасының оқу үлгерімі жақсы он баласын Астанаға өз есебімізден апарып, алаңсыз қыдырттық. Астананың сәулетті орындарын тегіс аралаттық. Ондағы мақсатымыз – жас буын өз елдерін, өздерінің сүйікті астанасын жан жүрегімен сүйіп өссін деген тілек.
Мақсатымыз орындалған сияқты. Біздің басты қуанышымыз да осы!
Меделхан ИСАҚОВ,«Тұмар – ХХІ» ЖШС-інің директоры.