13.12.2016, 12:48

Соңғы 25 жылда ОҚО-да ет өндіру 2 есеге ұлғайды

Тәуелсiздiктiң ширек ғасырында ауыл шаруашылығы саласында толағай табыстарға қол жеткiздiк. Ауыл шаруашылығын реформалау егемендiк алған жылы бастау алды. Осының нәтижесiнде бұрынғы ұжымшар-кеңшарлар таратылып, аграрлық сектор нарықтық қатынастарға көштi. 1999 жылы ауыл өмiрiнде түбегейлi өзгерiстер орын алды. Шаруаның мүлiктiк пайы мен шартты жер үлесiне құқық беретiн куәлiк арқылы ұжымдық меншiк қалыптасты. Ауыл азаматтарының көзқарасы өзгерiп, нарықтық жағдайларға бейiмделе бастады. Нағыз жер иесi ретiнде жеке шаруа қожалықтарын құрып, қалауларына қарай өндiрiстiк кооперативтерге, акционерлiк қоғамдарға, түрлi серiктестiктерге бiрiктi. Осынау реформаның нәтижесiнде ұжымшар-кеңшар, мемлекеттiк шаруашылықтар базасында 20 мыңнан астам дербес ауыл шаруашылығы құрылымдары пайда болды. Бүгiнде олардың саны 70 мыңнан асады. Бұл – өзге өңiрлермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткiш.

Соңғы жылдары өнiмдерден рекордты көрсеткiштерге қол жеткiзуiмiз – шаруалардың төккен терiнiң өтеуi. Екiншi жағынан облыстың климаттық жағдайы мақта, көкөнiс, бақша дақылдары мен жемiс-жидектердi өсiруге қолайлы. Әрi жайылымдарды жыл бойына азықтық база ретiнде қолданып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға зор мүмкiндiк бар.

Өңiрде мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Мал басы көбейiп, ет-сүт-құс өнiмдерiнiң көлемi артты. Бүгiнде 897,5 мың iрi қара, 4 млн. 210 мың қой-ешкi, 244 мың жылқы, 24 мың түйе және 2 млн. 638 мың үй құсы бар.

Биыл 218 мың тонна ет, 739 мың тонна сүт, 304 млн. дана жұмыртқа өндiрiлдi. Төрт түлiк мал өнiмдерiнiң артуы – «Мал шаруашылығын дамытудың 2014–2016 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын» жүзеге асырудың нәтижесi. Аталған бағдарлама шеңберiнде соңғы екi жылда 7 483 жоба қолға алынып, жаңадан 9 109 жұмыс орны ашылды. Қосымша 34,5 мың тонна ет, 40,2 мың тонна сүт алынды.

Ағымдағы жылдың 9 айында 2 801 шағын мал бордақылау алаңы, 612 шағын жанұялық сүт фермасы ашылды. Мал шаруашылығын дамыту өзге де республикалық бағдарламалар бойынша жүзеге асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 22 мың аналық iрi қара сатып алынды. Тұқымдық түрлендiруге 72,3 мың аналық iрi қара алынды. Ол жалпы ұрғашы малдың 19,1 пайызына тең. Сол секiлдi «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 31,4 мың қой сатып алынып, тұқымдық түрлендiруге 146,1 мың аналық қой қатыстырылуда. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында сатып алынған жылқы саны 3,4 мыңға жетiп, жоспар 1,3 есеге артық орындалды.

Дерек пен дәйек:

1991 жылмен салыстырғанда iрi қара мал саны 2 есеге (464,3 мың бастан – 897,5 мың басқа), жылқы саны 2 есеге (91,1 мың бастан – 244 мың басқа), түйе саны 35 пайызға (17,8 мың бастан – 24,1 мың басқа) артып отыр. Ет өндiру 2 есеге (107,8 мың тоннадан – 218,4 мың тоннаға), сүт өндiру 1,7 есеге (436,4 мың тоннадан – 739,0 мың тоннаға) артты.