Әлеуметтік желіде лифтіде оқушы қызға тиісіп, пәтеріне шақырған ер адамның видеосы тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желіде 23 жастағы жігіттің лифтіде кәмелетке толмаған қызға тиісіп тұрған видеосы тарады. Оқиға қала орталығындағы көпқабатты үйде болған. Ол лифт батырмаларын басып, қызды лифттен түсірмейді. Біраз уақыттан кейін ол шығып кетеді, ал қыз бұрылып, көз жасын сүртеді.
Кейінірек әлеуметтік желіде тағы бір видео пайда болды, онда ер адам оқушы қызға тиісіп, оны пәтеріне шақырмақ болғанын мойындайды. Видеода ол Түркістан облысынан Қарағандыға жұмыс істеуге келгенін айтады.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, екі видеодағы да бір ер адам.
"Полицияға Қарағанды қаласының 35 жастағы тұрғыны хабарласты. Ол көпқабатты үйдің лифтінде белгісіз жігіт оның 15 жастағы қызын сүйіп алғанын айтты. 23 жастағы жігіт анықталды, оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы – "Ұсақ бұзақылық" анықталды. Сот полиция қызметкерлерінің уәждерімен келісіп, құқық бұзушыны үш тәулікке әкімшілік қамауға алды", - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері.