27.12.2016, 04:16

Атырауда әріптестерінің "былығын ашқан" экс-полицей өз айтқанынан бас тартты

Атырауда тергеу абақтысында жатқан экс-полицей Манарбек Өтеуовтің хаты бойынша басталған тергеуден кейін қалалық ІІД-нің 9 қызметкері сотталып жатқаны белгілі. Оларға дәлелдерді бұрмалады, қызметін асыра пайдаланды, жемқорлық жасады және өзге де ауыр қылмыстарға барды деген айыптар тағылуда. Ал, кезекті сот процесі барысында М.Өтеуов өзінің бұған дейін хатында жазған деректерден бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы "Ақ Жайық" порталы жазды.

"Мен бұл қадамға амалсыз барып отырмын, өйткені, тергеу абақтысында жату мүмкін болмай кетті. Мекеме қызметкерлері, соның ішінде Қанат Қадыров маған қысым көрсетуде. Шын айтсам, қатты шаршадым, үш күннен бері тамақ жегенім жоқ, аштық жарияладым, маған жедел жәрдем шақырыңыздаршы", - деді Өтеуов сот залында.

Өзінің айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын ол түрме қызметкерлеріне наразылық ретінде ас қасығын жұтып қойған екен. Артынша ауруханаға жеткізіліп, ота жасау арқылы қасығы алыныпты. "Операциядан шығарып, түрмеге әкелген күні өзіме келместен карцерге қамап тастады", - дейді ол.

Өтеуов өз жақындарының өмірінің қауіпсіздігі үшін хатта жазған деректерден бас тартқанын да мәлімдеді.

"Ең алдымен мен өзімнің жақындарымның өмірі үшін алаңдап отырмын. Сондықтан жазғандарымнан бас тартамын, қылмыстың бәрін жасаған мен, жалғыз өзім. Сотталып жатқан өзге әріптестерімнің еш кінәсі жоқ", - деді экс-полицей сот залында.