Атырау тұрғындары өздерін алдап соққан әкім-қараларға наразы. Салынғанына 50 жыл болған үйлерінің төбесі осыдан үш апта бұрын құлағанда, қалалық әкімдік оларға жаңа жылға дейін не пәтер аласыңдар, не соның ақшасын береміз деп уәде еткен. Бірақ ол әлі орындалған жоқ. Енді Шаханда болған апаттан кейін бұлар да үйінді астында қаламыз ба деп шошып отыр деп жазады KTK.
Апатты деп танылған 16 пәтерлік үйдің тұрғындары бүгін баспана сұрап әкімдікке тағы келді. Бірақ бұл жолы өткендегідей қуанып емес, мұңайып шықты. Айтуларынша, апатты баспананы бағалау жұмыстары тек мамыр айында басталмақ. Бірақ халық оған дейін үйіндінің астында қаламыз ба деп қауіптеніп отыр.
"20 жылдан бері жөндеу болған жоқ. Үйде газ жоқ. Газ толтырылған баллон пайдаланып отырмыз. Биліктің енді нені күтіп отырғанын білмеймін, бұларға тағы да адам өлімі керек пе?", - деп ашынады апатты үйдің тұрғыны Үміт Қанафина.
Ал, төбе құлаған соң оның орнын жинап кетуге ғана келген әкімдік қызметкерлері қазір жайбарақат. Тіпті әуелгіде айтқан әңгімелерінен тайқып, тұрғындарға берілетін бос пәтерлердің де жоқ екенін ашық айтты. Тек бюджет қаржысына салынып жатқан көппәтерлі үйлер құрылысының аяқталуын күту керек дейді. Ал олар тек мамыр айында пайдалануға беріледі екен.
Қосқабатты үйдің төбесі өткен айдың ортасында опырылып құлаған болатын. Үйіндіден жұрт аяқ алып жүре алмай, енді бірі есіктерін аша алмай қалған еді. Абырой болғанда, адам аман. Бірнеше жыл бойы сүріледі деп келген соң баспанаға жөндеу де жүргізілмеген болып шықты.
2007 жылы апатты деп танылған 16 пәтерлік бұл үйдің кей жерлері тіреумен әрең тұр. Тіпті орталық жылу қазандығына да қосылмағандықтан, әркім өз бетінше жылытуда. Енді бірінші қаңтарда Шаханда болған жағдайдың шеті бізге де жете ме деп қауіптенген тұрғындар сөзбұйдаға салып қойған әкімдік әрекетінің заңды-заңсыздығын анықтау үшін прокуратураға шағымданбақ.