09.01.2017, 05:46

Таразда жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккен жолаушы із-түссіз жоғалып кетті

Таразда осыдан 10 күн бұрын жантүршігерлік жол апатында зардап шеккен 23 жастағы жолаушы із-түссіз жоғалып кетті деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оқиға 2016 жылы 29 желтоқсанда орын алған болатын. Исматулаев Акрам Низомович сол апатқа ұшыраған BMW автокөлігінің жолаушысы болған.

"Сол түні Акрамның ағасының денсаулығы нашарлап кетті. Ол бауырларымен бірге оны ауруханаға алып кеткен. Үйге қайтып келе жатқанда көліктерінің дөңгелегі жарылып, олар көпірге барып соқтығысқан. Көліктегілерге көмектескен әйелдің айтуынша, Акрам өз аяғымен кетіп қалған. Біз достарының бәріне, ауруханаларға хабарласып шықтық, ешкім оны көрмеген. Біз әліге дейін білмейміз оның қайда екенін. Бәлкім оны біреулер қамап ұстап отырған шығар...", - дейді жоғалған жігіттің әпкесі Феруза Исматулаева.

Қазір тәртіп сақшыларымен бірге ерікті азаматтар да Таразды шарлап, Акрамды іздеп жатыр. Ер жігіттің үстінде қара күрте, қызыл футболка және спорттық шалбар болған.

Айта кетейік, аталған жол апатынан екі адам қайтыс болған еді. Көлікті тізгіндеген 22 жастағы жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, көпірдің темір бағанына барып соқтығысқан. 31 жастағы жолаушы сол жерде жан тапсырса, 33 жастағы екінші жолаушы ауруханада көз жұмды.