Бұған дейін «Ақтөбе-Богословка» тас жолының бойында ақтөбелік полицейлер күдікті азаматты атып өлтіргені туралы хабарланған болатын. Отандық БАҚ-тар оның дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілі екенін де айтып қалды. Алайда, бүгін журналистерге мәлімет берген облыстық ІІД өкілдері қаза тапқан күдіктінің бұған дейін қарақшылық бойынша сотталған қылмыскер екенін айтып отыр.
Облыстық ІІД-ге 1983 жылы туған, бұрын сотталған азаматтың топ ішінде қарақшылықпен айналысып, автокөліктерді күш көрсету арқылы тартып алуы туралы және өзімен бірге атыс қаруын алып жүретіні жөнінде жедел ақпарат түскен.
«Осыған орай арнайы іс-шараларын жүргізу барысында ағымдағы жылдың 12 қаңтарында «Ақтөбе-Богословка» тас жолында «Лада-Приора» маркалы автокөлігі тоқтатылып, оның жүргізушісі автокөліктен шыққан бойы полиция қызметкерлері бағытына қарай ату қаруын кезеніп, полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіре отырып, олардың «қаруды таста!» деген бұйрығына бағынбай, оларды атып жіберуге оқталды. Содан соң қару кезенушіге қатысты табельдік қару қолданылды», - делінген ІІД өкілдері таратқан хабарламада.
Оқ тию салдарынан күдікті денесінің төменгі бөлігінен жараланған. Оқиға орнына жедел жәрдем дереу шақыртылып, жансақтау шаралары жасалыпты. Алайда, соңғысы ауруханаға жеткізу кезінде жедел жәрдем каретасында қайтыс болған.
«Оқиға орнында тәркіленген қару РФ Башқұртстан полициясымен іздестірілуде жүрген «криминалдық қару» санатына жатады, қару бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды, табельді қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде», - дейді полицейлер.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының 2-тармағы «Билік өкілдеріне қатысты күш қолдану» жәнеҚазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-тармағы «Атыс қаруын заңсыз сақтағаны» екі бап бойынша жүргізілуде.