13.01.2017, 11:03

Қазақ қыздарын қытайға беруге қарсы шыққандар билік тарапынан қысым көріп жатқандарын айтты

Қазақ қыздарының қытайлық жігіттерге тұрмысқа шығуына қарсылық білдіріп, наразылық акциясын ұйымдастырғандар ҚР ҰҚК төрағасына шағымданды. Олар осынау пикеттен кейін өздеріне құқық қорғау органдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтуда. Бұл туралы Informburo.kz порталы жазды.

Қоғамда үлкен шу тудырған қытайлық "күйеу балалар" туралы жаңалық жалғасын тапты. Астанадағы неке агенттігінің алдына барып пикет өткізгендер іске Кәрім Мәсімовтің араласуын сұрап отыр. Олардың айтуынша, осынау наразылық акциясынан кейін прокурорлар жиі шақыртып, сұрақ астына алып жатқан көрінеді.

"Кеше бізді Алматы аудандық прокуратурасында 3 сағаттай ұстап отырды. Пикетті не үшін ұйымдастырғанымызды, нені көздеп отырғанымызды сұрады. Біз болса осындай жолмен азаматтық позициямызды білдіргенімізді айттық. Соған қарамастан бізді бүгін тағы шақырды", - дейді ҰҚК төрағасына хат жазған қоғам белсендісі Айдын Егеубаев.

Оның айтуынша, қытайлық азаматтарға қазақ қыздарының керектігі шамалы, олардың басты көздегені қазақтың жері көрінеді.

"Біз хатта қытайлықтарға күйеуге шықан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айыруды сұрадық. Біздің елдің заңы бойынша, ата-анасының бірі қазақ болса автоматты түрде ол Қазақстан азаматтығын ала алады. Біздің ойымызша, бұл норманы мүлдем алып тастауға болады. Өйткені, қытайлықтардың көздегені - Қазақстанның жері", - дейді Егеубаев.

Белсенділер хаттарын тек Мәсімовке емс, Үкімет пен Парламенттің қос палатасына және саяси партияларға жолдады.