ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің нышаны ретінде әзірленген қуыршақтардың бірі кеше Астананың орталығынан жоғалып кеткен болатын. "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Сергей Куяновтың айтуынша, "Сәуле" деп аталатын қуыршақ жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кері қайтарылған.
"Бүлінген, сондықтан қайта жөндеуге алып кетті", - деді ол Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, кешегі апта Астананың сол жағалауына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің нышандары қойылған болатын. Артынша Сәуле, Қуат және Мөлдір деп аталатын қуыршақтардың келбеті көпшіліктің наразылығын оятты. Әлеуметтік желі пайдаланушылары қуыршақтардың түрлері "қорқынышты" екенін айтып, ЭКСПО-ның нышаны болуға лайық еместігін жазып жатты.
Ал, араға бір күн салып жергілікті тұрғындар қуыршақтардың бірінің жоғалып кеткенін анықтап, оған іздеу салды.