Былтыр Ақтауда 6 жасар Виктория Мининаны зорлады деп айыпталып жатқан күдікті өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып отыр. Сотта ол өзінің ақталатынына үмітті.
Бүгін Маңғыстау облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында осынау іс бойынша бірінші отырыс өтті. Lada.kz порталының хабарлауынша, күдікті процесс кезінде өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
"Алқа билердің құрамы әлі толық бекітілген жоқ, іріктеу жүріп жатыр. Алғашқы сот отырысы жабық режимде өтті және бір жарым сағатқа созылды. Оған алқа би болуға үмітті 39 адам қатысты. Айыпталушыны сот залына күзетпен алып келді", - делінген портал таратқан ақпаратта.
Сотқа сондай-ақ, қайтыс болған Виканың әжесі Любовь Александровна да қатысуда. Ал, күдіктінің қорғаушысы Намиг Валиев өз қорғауындағы азаматтың еш кінәсі жоқ екенін айтып отыр. Заңгер де судьяның ақтау үкімін шығаратынынан үмітті.
Естеріңізге салайық, былтыр тамыз айында 6 жасар Виктория Минина педофилдің құрбаны болған еді. Дүкенде апасының жанында ойнап жүрген қызды ер азамат далаға алдап ап шығып, қала іргесіндегі саяжайға апарып зорлаған. Аптап ыстықта жарты күндей жатып қалған қыздың миына зақым келіп, ұзақ уақыт бойы ол жасанды аппараттың күшімен ауруханада жатты. 21 қараша күні Вика қайтыс болды.