Астанада «Балаңды есіңе ал – алимент төле» жобасы аясында 300-ден астам борышкер жұмысқа орналасты. Сондай-ақ тағы 9 адам қызметке орналасу үшін қажетті құжаттарды жинауда, 10 адам компаниялардың жауабын күтуде деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.
Жобаның мақсаты - жұмыссыздарды қызметке орналастыру арқылы алимент төлемейтіндердің санын азайту.
Жұмыспен қамту басқармасында қызмет істеуге ниет танытқан жұмыссыз борышкерлердің (білікті электриктер, сантехниктер, экономистер мен заңгерлер) тізімін әзірледі.
Бұл бастаманы астаналық құрылыс компаниялары қолдап, алимент төлемеген 700 борышкерді қызметке алуды ұсынды. Борышкерлерді жұмысқа қабылдау процедурасы басталды. Олардың жалақылары 100 мың мен 200 мың теңге шамасында болмақ.
Әділет департаменті ғимаратындағы жұмыс тобы күн сайын тұрғындарды қабылдап, борышкерлердің мекен-жайлары бойынша рейд жүргізеді. Сондай-ақ қарызын төлеуден жалтарып жүргендерді іздестіру шаралары ұйымдастырылады. Борышкерлерден 23 млн теңгеден астам қаржы өндіріп алынды, кәмелеттік жасқа толмаған балаларына берілді, 45-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.