$ 498.34  519.72  4.85

Ақтаулық дәрігерлер ауыр науқасқа шалдыққан 6 айлық сәбиді аман алып қалды

Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиоорталық дәрігерлері 6 айлық сәбидің жүрегіне сәтті ота жасады деп жазады "Казинформ" ақпараттық агенттігі.

Жаңаөзендік кішкентай Талғат туғаннан жүрек ауруымен ауырады. Сондай-ақ, өкпесінде және өкпе тамырларында ақау бар. Ата-анасы ол туылғаннан тек 6 ай өткен соң ғана дабыл қағып, дәрігерлерге көрініпті.

"Жүрек кеселінің ауыр түрімен ауырады. Әдетте мұндай науқас сәбилерге туыла салып 1-2 аптаның ішінде ота жасалуы тиіс. Егер бұл уақытта операция жасалмаса өкпенің жоғары гипертензиясы дамиды. Ал, мұндайдан балалардың 90 пайызы 6 айға толмай шетінеп кетіп жатады. Операция кезінде жүректің ауруына аса күрделі өзгерістер енгізілді. Бұл сәбидің көрер жарығы бар екен, 6 айға дейін аман жүргенінің өзі үлкен жетістік", - дейді кардиоорталықтың басшысы Жеңіс Қозыбаев.

Операция өте сәтті өтіпті. Сәбидің жағдайы әуел баста өте ауыр болған. Ол 5 күн бойы жансақтау бөлімінде жатыпты. 20 қаңтар күні оны жасанды демалдыру аппаратынан шешкен. Қазіргі жағдайы жақсы, өміріне төнген қауіп жоқ дейді дәрігерлер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары