19 қаңтар күні жоғалып кетіп, кеше мәйіті табылған 11 жасар Өркен Азаматұлы Алматы қаласы Алмалы ауданындағы №67 мектепте оқыған. Оның ұстаздары қазір болған жайтқа әлі сене алар емес.
Мектеп директоры Бейбітгүл Демеуованың айтуынша, баланың отбасында бұған дейін ешқандай дау-жанжал орын алмапты.
"Әкесі Өркенді бізге 4-сыныпта әкелді. Бұған дейін ол Бостандық ауданындағы орыс тілді мектепте оқыған болатын. Маған баланың қазақ сыныбында оқығысы келетінін айтты. Біз оны сөзге келмей қабылдадық, бұл қаңтар айы еді", - дейді мектеп директоры.
Б.Демеуованың айтуынша, Өркен мектепте ерекше ынталы оқушылардың бірі болған.
"Ол ықыласты, екпінді, сабырлы оқушы. Шахмат, үстел теннисін ойнайтын, жарыстарға қатысып жүрді", - деп еске алды ол.
Естеріңізге салайық, 19 қаңтар күні Өркен мектептен сағат 13:30-да шығып, автобуспен үйіне қарай беттеген. Алайда, одан кейін баланы көрген-білген ешкім жоқ. Өркенді іздеп мектепке әжесі келген. Ал, оның өгей шешесі бар екенін мектептегілердің ешбірі білмепті.
22 қаңтарға қарайтын түні баланың азаптап өлтірілген мәйіті табылды. Аса ауыр қылмысқа күдікті ретінде оның өгей шешесі мен тағы 4 адам ұсталып отыр.