01.02.2017, 03:21

Универсиада-2017 дирекциясының қызметкері қайтыс болды

Универсиада-2017 дирекциясының 33 жастағы қызметкері Бауыржан Рафиков қайтыс болды. Бұл туралы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық пен оны өткізу бойынша дирекциясының жетекшісі Наиль Нуров мәлімдеді.

Оның айтуынша, қайғылы жайт 31 қаңтар күні кешке "Сұңқар" Халықаралық шаңғы трамплині кешенінде орын алған.

"Біздің қызметкерлер жұмыс күнінен кейін жертөледе болған. Аяқасты олардың бірінің денсаулығы күрт нашарлап кетті. Жанында болған адамдар кезекшілікте болған медициналық қызметкерді шағырған. Ол оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ, шақыртудан 7 минут өткеннен кейін жедел жәрдем келген", - деді Нуров.

Оның айтуынша, 40 минутқа созылған реанимациялық шаралар нәтижесін бермей, науқас көз жұмған. "Оқиға орнына ІІД қызметкерлері, прокурорлар, Алматы әкімдігінің басшылары түгел жиналды. Алдын ала болжам бойынша ол жүрек ауруынан көз жұмған", - деді ол.

Нуровтің мәліметінше, қайтыс болған жігіт Дирекцияда 1 айға жетпейтін уақыт жұмыс істеген. Оның артында қарт анасы мен әйелі және екі баласы қалыпты.