$ 498.34  519.72  4.85

Елімізде 4,4 млрд теңгеге салынған 75 ветеринарлық зертхана қаңырап бос тұр

Елімізде 4,4 млрд. теңгеге салынған 75 ветеринарлық зертхана қаңырап бос тұр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты деп жазады ҚазАқпарат.

«Мәселен 3 жыл бойы 4 ,4 млрд. теңгеге салынған 75 аудандық ветеринарлық зертханалардың екінші қабаттары қаңырап бос тұр.  Әлі есімде, бұрынғы министр (Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков) зертхана болмаса малды сата алмаймыз  деді. Ақшаны бердік. Міне, 75 ветеринарлық зертхана тоқтап тұр. Асқар (Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов) байқайсың ба, олар жұмыс істемейді.  Біз қырғыздардан зертхана сұрап отырмыз, ал өзіміздікі тоқтап тұр»,-  деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 2016 жылдың соңында жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайтын  Алматы-Талдықорған газ құбырының салынғанын айтты.

«Есеп комитетінің мәліметінше, ол  газ тарату желісінің болмауы салдарынан жұмыс істемей тұр.  Солай ма, Амандық?», - деп сұрады Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтан.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, 55 шақырымына қаржы бөлінбеп еді. Өткен жылы бөлініп, қазір бітірдік. Өзіміз жергілікті бюджеттен 4 млрд. теңге бөліп, газ  тарату желісінің бірінші кезеңін салудамыз», - деді облыс басшысы.

Өз кезегінде еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев  Талдықорғанға газ тарту жұмыстары еуропалық Қайта құру және Даму банкі, «ГазТрансАймақ» және жеке қаражат есебінен жүргізілетіндігін айтты.

«Мұндай жоспар бар. 2 жылдық ішінде бұл жұмысты аяқтаймыз деп жоспарлаудамыз. Жалпы, газ тарату желісінің бірінші кезеңін биыл аяқтасақ Талдықорғанға газ беріле бастайды», - деді министр.

«Үкіметке мемлекет қаражатына немқұрайлы, қылмыстық жолмен қарау фактілерін анықтау үшін арнайы комиссия құруды тапсырамын»,-  деді Президент.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары