1 ақпан күні Сарыағаш аудандық ІІБ-нің кезекшілік бөліміне қаладағы букмекерлік орталықтардың біріне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат келіп түскен. Полицейлердің сұрағына жауап берген 23 жастағы орталықтың қызметші қызы бетперде киген белгісіз адамдардың ғимаратқа басып кіріп, кассадағы 1,5 миллион теңгені қолды қылғанын айтыпты. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, полицейлер күдіктілерді іздеуге кіріскен.
Шұғыл іздеу шаралары барысында Сарыағаш АІІБ қызметкерлері букмекерлік орталыққа ешқандай қарақшылық шабуылдың жасалмағанын анықтады. Жәбірлендім деген кассир қыз бұл оқиғаны ойдан құрастырып, ірі көлемдегі ақшаны өз қалтасына басқан көрінеді. Оның үйін тінту барысында жоғалған ақшаның басым бөлігі табылған.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», 419-бабы «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу» және 420-бабы «Сарапшының, маманның көрiнеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма» бойынша іс қозғалды. Күдікті 1993 жылғы қыз ешқайда кетпеу қолхатымен үйіне жіберілген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.