07.02.2017, 09:30

Наурыз мерекесі қарсаңында «Ел Арна» телеарансы қайта іске қосылады

Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында отандық телеарналардың қатары толықпақ. Атап айтқанда, бұған дейін жабылып қалған «Ел Арна» телеарнасы көрермендерімен қайта қауышпақ. Дегенмен, оның аудиториясы өзгеретін болады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев өзінің Фэйсбуктегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа телеарна тек фильмдер көрсетуге негізделмек.

«Отандық режиссерлердің көркем және деректі фильмдерін, сериалдарын енді «Ел Арна» деп аталатын осы жаңа арнадан тамашалай аласыздар. Соңғы жылдары өзіміздің режиссерлер түсірген төл туындылардың көбейіп келе жатқаны аян. Біздің мақсатымыз – сол фильмдердің көрерменге барынша қолжетімді болуына, оларға сұраныстың ұлғаюына негіз салу. Осы арқылы қазақстандық киноөнімдердің саны мен сапасының артуына қолдау көрсету», - деді министрі өз жазбасында.

Естеріңізге салайық, бұған дейін жұмыс істеген «Ел Арна» телеканалы тек қазақ тілінде бағдарламалар тарататын.