$ 494.87  520.65  4.91

Сот әділ әрі заң шеңберінде шешім қабылдағанын қалаймыз – блогер

Алматыдағы «Әуежай ісі» бойынша шыққан сот үкіміне халық наразы.
Фото: kk.wikipedia.org
Фото: kk.wikipedia.org

Халық пен билік арасы әбден ашылып, енді ешқашан қосылмасқа кеткен секілді... Бұл туралы блогер Алмас Алтай өзінің facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл ымырасыздықтың соңы ырғасу, ырғасу соңы ырылдасуға апарады. 

Алматыдағы «Әуежай ісі» бойынша шыққан сот үкіміне халық наразы болды. Әлеуметтік желі шулады, билікті қарғау белең алды, Президенттен араша сұралып жатыр...

Әлеуметтік желі өзіміздікі; 

Билікті қарғаудың басы емес қой, соңы да болмас, сірә; 

Ал Президенттен «соттың үкіміне әсер ет, шешімді жұмсарт» деу әнтек сияқты.

Сот билігінің тәуелсіз, ашық, әділ, тек заң шеңберінде шешім шығарғанын қалаймыз. Жан-тәнімізбен беріліп тұрып соны талап етеміз!

Бірақ, бірақ... Кейде өзімізге ұнамайтын шешім шықса, оны Президентке айтып өзгертіп ала салғымыз келіп тұрады. Яғни, Президент сотқа әсер етіп, «заңды сәл бұрмалап, халыққа ұнайтын шешім шығарып берсеңші» деп жіберуі керек те.

Соттың пікіріне биліктің әсер еткенін жек көреміз. Ал халықтың сот билігіне араласуы, үкімді өзгертуге тырысуы әділет сияқты көрінеді. 

Негізі, менің ойымша, сот ешкімді де тыңдамауы керек, оның сүйенері - Заң ғана болуы керек қой, - деп жазды ол. 

Сондай-ақ Алмас Алтай наразылық акцияларын өркениетті түрде білдіру қажет екенін атап өтті.

Заң толық үстемдік құрған мемлекетте өмір сүргіміз келсе, соттың келесі деңгейлерінде мына үкімнің жеңілдетілуіне жұмыстануымыз керек қой. 

Жоғарғы сот деген бар, Конституциялық сот деген бар, соларға ресми түрде арыз, шағым, келіспеушілік, наразылық акцияларымызды өркенитетті түрде білдіруіміз керек қой! 

Қазақ ішінде заңды шемішкеше шағатын, мұндай процедуралардың қалай жүзеге асатынын білетін жігіттер, қыздар бар ғой, солар елдің алдына шығып, осы жұмыстарды жүйелеп жүзеге асырса, қане?

Рас. Кешегі шешім қатал, жаза ауыр, мен бірден айттым бұл пікірімді. Қазір де «жаза жеңілдесе екен» деп отырмын, алда әлі соттың келесі деңгейлері бар, үкімді оқыған сот та «он бес күн ішінде арыздануға мүмкіндіктеріңіз бар» деді, демек, соңғы сөз айтылды деуге ерте ғой!

«Үмітсіз шайтан» дегендей, сол келесі деңгейдегі соттан соң мынау шыққан үкім жеңілдеп, тілектес көптің қалауы орындалғай деп тілеп отырмын, - деп жазды блогер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары