10.02.2017, 09:14

Шымкентте 5 жігіт полицейлерді жабылып соққыға жыққан

Оқиға 10 ақпан күні таңертең орын алған. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған BMW маркалы көлікті тоқтатпақ болған сәтте, оның жүргізушісі жылдамдығын асырып қаша жөнеліпті. Салдарынан автокөлік жол бойындағы қоршауды бұзып өтіп, аударылып қалған.

Осыған қарамастан BMW-нің жүргізушісі жанындағы төрт серігімен аударылған көліктен шығып, оларды қуып келген үш полицейді соққыға жығыпты. Салдарынан екі тәртіп сақшысы түрлі дене жарақаттарын алса, үшіншісінің қызметтік киімі жыртылған.

Оқиға орнына қосымша күш жетемін дегенше бұзақылардың екеуі қашып кеткен. Ал, полицейлер ұстаған үш жігіттің үшеуі де мас болған дейді ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

"Жүргізуші мен жолаушы және оның танысы ұсталды. Бірі 1990 жылы туған Қырғызстан азаматы, екіншісі - 1991 жылғы жергілікті тұрғын. Билік өкіліне қарсы күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда", - дейді ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Көлік жүргізушісіне қылмыстық емес, әкімшілік іс қозғалып отыр. Ол көлікті мас күйде жүргізген. Сондай-ақ, өзімен бірге ешқандай құжаттары болмапты.