Сәтбаев көшесіндегі үйлердің бірінің бір бөлмелі пәтерінде синтетикалық есірткі өндіретін «цех» жұмыс істеп тұрған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
21 жастағы жігіттің пәтер жалдап, әлеуметтік желі арқылы мефедрон жасау бойынша нұсқаулар, арнайы ыдыстар мен прекурсорларды алып, кейін екі жігіт пен екі қызды «кәсібіне» тартқаны белгілі болды.
Іс-шара барысында ерекше иісті ақ кристалды ұнтағы бар пластикалық банка, прекурсорлар мен тұз қышқылы бар ыдыстар, арнайы зертханалық шыны ыдыстар, электронды таразылар және синтетикалық психотроптық затты өндіру кезінде қаскөйлер пайдаланған басқа да керек-жарақтар тәркіленді. Есірткі шығаруға жауапты адам 2002 жылы туған, еш жерде жұмыс істемейтін С. есімді азамат алған нұсқаулығы бойынша «мефедронның» ірі партиясын әзірлеген. Мұны сот-химиялық сараптама растады. Сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дидар Аханов.
Басқа да ұсталғандар еш жерде жұмыс істемейтін 1997, 2004 және 2002 жылы туған жастар, олар да өз кінәларын мойындаған.
Сондай-ақ полиция ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайтынын хабарлады.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.