08.06.2023, 15:10

«Қауіпсіз ел»: Алматы әкімі есірткінің таралуына қарсы күрес күшейтілгенін айтты

Фото: gov.kz
Қала әкімінің айтуынша, қосымша 585 камера орнатылады.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде қалада есірткінің таралуына қарсы күрес шаралары күшейтіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кездесу барысында тұрғындар есірткі жарнамасынан мезі болғандарын айтып, мәселе көтерген.

Біздің ауданда есірткі жарнамасына сілтеме қойылатын көптеген орын бар. Шара қолдануды сұраймын, мүмкін осы жарнамамен және есірткі сатумен айналысатындарды бақылау және жазалау үшін видеобақылау орнату керек шығар, - деді аудан тұрғыны.

Бұл орайда әкім есірткі мен нашақорлықтың, әсіресе, жастар арасында кең тарағанын тілге тиек ете келе, бұл күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі екенін айтты.

Бүгінде, өкінішке қарай, бұл жастар үшін тиімді бизнеске айналды. Жарнама арқылы қара сөмкелерді жеткізумен айналысады. Біз оларды ұстаймыз, әкімшілік айыппұл саламыз. Бұл Түрксіб ауданының ғана емес, қала бойынша өзекті мәселе болып тұр. Аудан әкімдерімен және қалалық полиция департаментімен бірлесіп қазір үлкен жұмыс атқардық. Сонымен қатар бізге көмектесетін түрлі ұйымдарды тарта отырып, «Наркостоп» бағдарламасы көрсетілді. Үкіметтік емес ұйымдар осы жарнамаларды жоюға көмектеседі, - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ қала басшысы есірткі тасымалдаушылар орындарын үнемі өзгертіп отыратынын, сондықтан аудан әкіміне тапсырма беретінін жеткізді. 

Қала әкімінің айтуынша, қосымша 585 камера орнатылады.