15.02.2017, 05:38

Қостанайда кірістер департаментінің қызметкері 3 млн теңге пара алған

Қостанай облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері 3 миллион теңге көлемінде пара алып қолға түсті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай облысы бойынша департаментімен Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Экономикалық тексерулер қызметі жедел басқармасының бас маманы - аға офицер С.Қозбақов ұсталды", - делінген аталған хабарламада.

Тергеу барысында белгілі боғандай, С.Қозбақов Қостанай адвокаттар алқасының қорғаушысы Е.Мұхамеджановты араға салу арқылы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-нің аймақтық филиалы өкілінен 3 миллион теңге көлемінде пара алған. Сол үшін С.Қозбақов компанияның заңсыздықтарына көз жұма қарап, қылмыстық жауапкершілікке тартпауға уәде беріпті.

Қазіргі таңда Қозбақов Рудный қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысына жабылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.