$ 494.87  520.65  4.91

«Біреудің еденін, дәретханасын жуғаннан еш ұялмаймын»: 20 жастағы жігіт айына қалай 15 миллион табатынын айтты

20 жастағы жігіт бүгінде үй тазалап, адам айтса сенгісіз табыс тауып отыр.
Фото: Нұрхан Нұрмаханбеттің жеке мұрағатынан
Фото: Нұрхан Нұрмаханбеттің жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желіде үй тазалап, танымал болған жігіттің видеолары кең тарап жатыр. Ол танымал өнер жұлдыздарының да үйлерін тазалап, бірге видео түсіреді. Massaget тілшісі жігітті тауып, сұхбаттасып, табысы, кәсібі туралы сұрады.

Тараз тумасы Нұрхан Нұрмаханбет 5 жылдан бері үй тазалаумен айналысып келе жатыр. Ал негізгі мамандығы мүлде басқа салаға қатысты екен.

15-16 жасыма дейін Таразда тұрдым. Таразда жоғары оқу орнын бітірдім. Негізгі мамандығым - бағдарламашы. Клининг компаниясына 15 жасымнан бастап келдім. 18 жасыма дейін Алматыда клининг компанияда жұмыс істедім. Ресейде білімімді жетілдіріп келіп, өзімнің клининг компаниямды аштым. Бұл салаға басында аса бір қызығушылығым болған жоқ. Бұған дейін осындай компанияда істеп, күнделікті нәпақамды тауып жүріп, содан кейін барып қызығушылық пайда бола бастады. "Неге біреудің қолында жұмыс істеп жүрмін, жеке өзіме неге ашпасқа, өзім неге бастық болмасқа?" деп клининг компаниясын аштым, - дейді ол. 

20 жастағы жігіт бүгінде үй тазалап, адам айтса сенгісіз табыс тауып отыр. Бірақ Нұрхан мұндай табысқа жету оңай болмағанын айтты.

Басында қорқыныш болды. Дұрыс жүрмеді, тапсырыстар аз болды. Алматыда жарнама керек. Неше ай бойы өзіңді көрсетіп, жұмыс істеп, еңбек етсең бәрі болады екен. Күш жігерімді жинап, алға қарай жұмыс істедім. Өзіме мотивация бердім. Ол кезде жанымда көмектесетін ешкім болмады. Мұндай жетістікке Алланың, екінші еңбекқорлығымның арқасында жеттім. Қазір орта есеппен нақты табысым айына 10-12-15 миллионға дейін жетеді. Бұл - бір айда түсетін ақша, - дейді Нұрхан. 

Ол бұл кәсіптің арқасында мақсаттарына біртіндеп жетіп жатқанын да жеткізді. Өзінен бөлек, жақындарын да қуантып тұрады екен.

Үй жинап жүріп алған ең құнды затым - Меккеге анамды апарып келген сәтім. Елдің үйін, дәретханасын жуып жүріп, ең бірінші үлкен сомада ақша жұмсағаным - сол, - деді ол.

Нұрхан биыл үйлі болған. Бұған таза еңбек, маңдай термен жеткенін айтады.

"Биыл үй алдым. 2018 жылдан бері үй тазалап жүріп, депозит ашып, ақша жинадым. 2018 жылдан бері тек осы кәсіппен айналысып келе жатырмын. Қазір өз үйімде тұрып жатырмын. Бұған дейін пәтерде тұрғанмын", - деді ол. 

Нұрханның сөзінше, ер бала болған соң бұл кәсіппен айналысып жүргеніне жиі сын айтылады.

Instagram, TikTok-та сын пікірлер жиі айтылады. "Ер бала болып неге әйел адамдардың жұмысын істейсің, неге құрылыста істемейсің, қыз емессің ғой, майысқақсың" деген пікір көп айтылады. Оған ешқашан көңіл бөлмеймін, ренжіп, көңілім күйімді түсірмеймін. Пікірлерді оқуға уақытым жоқ. Жұмысым өте көп. Қазір клининг бизнесі ғана емес, басқа да бизнестерім бар. Сондықтан әркімнің айтқан сөздеріне көңіл бөліп, өзімді кері тартпаймын, - дейді ол.

Нұрхан қазір өзі ғана жұмыс істеп, табыс тауып отырған жоқ. Ол 100-ден аса қыз-келіншекті жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Команданы 2020 жылы аштым. Жанымда үш қызбен бастадым. Қазір 120 қызметкер жұмыс істейді. Оларды күнделікті жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Айлыққа істемейді, күнделікті ақшаларын алады, - дейді ол.

20 жастағы жігіт жұмысының қиындығы да, қызық тұстары да барын әңгімеледі. Оның сөзінше, ең бастысы мұндай заманда адал кәсіптен ұялмау қажет.

Клининг компаниясын жүргізу - өте қиын жұмыс. Бұл оңайшылыққа түспейді. 120 қызбен жұмыс істеу, 120 қызды бір ортаға қосып, мотивация беру, клиенттермен жұмыс істеу - бәрі оңай емес. Күніне 30-40 тапсырыс түседі. 30-40 клиенттің көңілін табу да оңай емес. Қызық тұсы сол - қыздармен бірге жұмысқа, үй жинауға шығамын, көңілім бөлінеді. Өз жұмысымды жақсы көремін. Біреудің еденін, дәретханасын жуғаннан еш ұялмаймын. Ұялатын түгі жоқ. Қазіргі заманда "есектің артын жусаң да ақша тап" деген бар. Сондықтан клининг жұмысы өзіме ұнайды. Ұнаған соң жалғастырып келе жатырмын, алдағы уақытта да істеймін. Өмірімнің соңына бизнесімді жүргіземін, - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Еске салайық, бұған дейін 18 жастағы студент сиыр бағып, айына 500 мың табатыны туралы жазған едік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары