03.02.2017, 06:32

Аға және жас буын арасындағы құз

Өкінішті-ақ... Бүгінгі таңдағы орта және жас буын өкілдері олардың ата-аналары көрмеген проблемалармен бетпе-бет келді. Өз-өзін танымаған буынға айналып бара жатқан жаңа қоғам, бастарын бір бұрыштан екінші бұрышқа соғып, себебін мемлекетке сылтауратып, туған елінде дамымай ғана қоймай, шетелге кетіп жатқандары да қаншалық. Бойда жиналған жас күш пен қайсарлықты мейрамханалар мен түнгі клубтарда, ал бұдан алшақпыз дегендер хақ дініміз Исламның теріс ағымдарына қосылып, мемлекет ішіне іріткі салатындай межеге жетті. “Мәселе неде?”- деп ой жүгіртсек.

Тек қазақ халқы ғана емес, жалпы әлем мәдениеттерінде «атадан балаға мирас-тәрбие қалдыру» деген үдеріс тек кітап бетінде жазылатындай күйге жетті...

Қазақ мәдениетінде бозбала 13 жасында отау құрған, ал жас қыздарымызды үй шаруашылығы мен өмірдегі ең басты ролі - мәртебелі ана, мейірімді жар етіп өсірген. Бұл дұрыс үдеріс көпті көрген, ақыл жинаған белді ел ақсақалдар мен әжейлер, ел сыйлатын ағалар мен жеңгейлердің еншісінде болған. Ақыл мен тәрбиеге қоса, батаменен жас буынды Алла атымен жарылқап отырған еді... Ал қазір ше?

Соңғы жиырма жылда той-думандарда салт бойынша мағыналы бата бере алатын ақсақал мен әжейлеріміз қалды ма? Саусақ санап атай алатын деңгейге жеттік. От болып жанып тұрған жігіттер мен жарылмаған қауыздай кербез қыздарымызға тиесілі тәрбие беретін аға-жеңгелеріміз бар ма? Қоғам проблемасы осында, жауапкершілік мемлекетте емес, жас буында емес, үлкен буын өкілдерінің өзінде!

Өкінішке орай, үлкен және жас буын арасы алшақтап, алып құзға айналды. Өзін қайда, немен айналысатынын білмей қалған жастар, көз алдымызда еліктейтін, ауызға толтырып айтатын «Мырзалар» мен «Ханымдардың» жоқ кесірінен “жоғалған буынға” айналды. Не мүлдем Батыс мәнеріне, не тек әнші мен спортшыларға ғана қарап, өз біркелкілігімізді жоғалтып бара жатқан үдерістің куәгері болудамыз.

Соңғы қоғамда орын алып жатқан сансыз ажырасулар, жеңіл-желпі жүріс, діннің теріс жолын ұстанған азамат пен азаматшалар қайдан шықты? Жауап, ешкімге жасырын емес, бұл проблема әсіресе 1980-1990 жж. дүниеге келгендер арасынан шығуда. Неге? Бұлар үшін жауапкершілік кімде? «Тәтті өтіріктен ащы шындық дұрыс» деген сөз бар. Біраз саралап көрейік.

1980-1990 жж. экономикалық жағынан қиын кезең болғаны хақ. Сол жылдары дүниеге келген нәрестелердің әке-шешелері «отбасымызды қалайша асырайымыз?» деген мақсатпен, толығымен жұмыс пен кәсіпке кірісіп кетті. Дәл осы кезеңде туылған балалар ата-анадан алу керек тәрбиеден мақұрым қалды. Жылдар өтіп, олар өсіп, енді өмір алдында шыққан проблемаларға дайын болмай, жауапты ата-аналарынан емес, өйткені кішкентайларынан психоголияларында «ата-анамның маған уақыты жоқ» немесе сұраса да, еститін жауаптары «саған не жетпейді осы, тамағын тоқ, киімін бар, көлігін мен үйін бар» деп қайтарып жібереді деген ой қалыптасқан. Осылайша өз сұрақтарына жауап таппаған жастар оны сыртта, яғни, біреуі Батыс мәдениетінен, береуі діннен, біреуі емін-еркін өмірден іздей бастайды. Балалары проблемаларға бетпе-бет келгенде, ата-ана енді балаларымен тіл қатқысы келсе, өкінішке орай, арада «көпір,байланыс жоқ», өйткені кезінде жоғалтып алды. Сол себептен, қазір көптеген жігіттер отбасын құрған соң, алдында пайда болар проблемалармен әкелері таныстырмағандықтан, о бастан күйеу жігітке ата мен әкесінен ең басты моральдық тәрбие берілмегендіктен, ал қыздарымыз шешелері тарапынан «келін-жар» ұғымын дұрыс түсіндірмегендіктен, әже мен анасынан тиесілі заттарды көрмегендіктен, жұбайлар арасы айхай-шумен ұласып, ажырасуға алып келіп жатқан өкінішті статистика бар. Баяндалғандардың кесірінен, қазақ халқындағы қасиетті «Отбасы» сөзі өз күшін жоғалтып бара жатқан ұғымға айналды. Бұнын жалғасы, өкінішке орай, отбасында бақыт таба алмадым деген жігіттердің бір бөлігі дінге, бір бөлігі қыдырыс пен ішімдікке кетіп, ал қыздарымыз «мен ешкімге тәуелді емеспін, өз өзіміді асырай аламын» деп, көкірек соғып, арада қалған балаларын «нянька»-ларға тапсырып, далада жүрген халге жеттік. Осы арада, көз алдымызда, өз қолымызбен, жоғарыда аталған жас ата-ана кесірінен, енді нәрестелерімізді ажырасқан қыздарымыз білімдері таяз «нянька»-лар қолына және Батыс моделіндегі балабақшаларда тапсырып, қазақ руханиятынан мүлдем алшақ буын тәрбилеп жатырмыз. Бұл өз кезегінде келешекте қоғамымызға қазіргіден де жаман әсерін тигізбейді деп кім кепіл бере алады? Сонда қайтпекпіз?

Енді баяндалғанның сөз түйініне келсек. Бар проблема жастар мен мемлекетте емес, жауапкершілік қазіргі ақсақал-әжейлеріміз бен аға-жеңгейлердің еншісінде. Соңғы жасалған статистикаға сәйкес, жастардан “мемлекетімізде кімге еліктегіңіз келеді?”- деген cұрақ нәтижесінде тек спортшылар мен әншілердің аттары аталды. Бұл ненің белгісі? Орта буын өкілдері қатарынан ауызға толтырып айтатын азаматтар мен азаматшалардың жоқтығы ...

Қазіргі ақсақал-әжейлеріміз жастар алдында көне тарихи экспонат емес, заман ағымына сай ұлтық нақышта киім киіп, өздеріне қаратып, той басында «ал, не дейміз енді, жастар бақытты болсын, ашық аспан мен мөлдір махаббат тілейміз» деген стандарты тезистерден гөрі, ел қарататын, өнеге беретін заманауи бата берсе ғой, шіркін ... Ел алдында, Парламент деңгейінде тоқал алу тақырыбын талқылағанша, жастарға қалай үлгі бола аламыз деген мәселелер көтерілсе ғой, шіркін... Жасымыз 50-ге келді, тек сол үшін ғана мен «Ел ағасымын» деген кісілер, қарындарын кішірейтіп, арақ-шарапты қалай ішуді, тост айтуды үйретудің орнына, спортпен айналысып, білімдерін заман ағымына сай жетілдіріп, жігіттер еліктейтіндей нағыз заманауи “Ағаларға” айналса ғой, шіркін...

«Жеңге» атанар жасқа келдім, ата-енеге бас имей, күйеулеріңмен тең бол деген қасіретті ақылдан көрі, өз әдеміліктеріне көңіл бөле отыра, жеңгелеріміз жас қыздарымыз өздері тамсанатындай, заман ағымына сай дұрыс қазақи нақышта тәрбие берсе ғой, шіркін...

Аға буын өкілдері жастар алдында қандай маңызды роль атқарып жүргендерін білсе ғой, шіркін... Аға мен кіші буын арасындағы «паритеттік көпір» орнамағанша, пайда болған құз етек жая беретінін түсінер қауымға “алтын сырға”.

Құрметті ағаларымыз бен жеңгелеріміз осыған ой жүгіртсе, нұр үстіне нұр қосылар еді. Өйткені, кезінде Өздері жоғары аталған тәрбиені нағыз ақсақалдар мен бек-мырзалардан, әжейлер мен жеңгелерден көре алды, енді жұмыстарын жылжытып, сол тәрбиені неге жастарға бермеске... Соның кесірі көп қазақтың басына тиіп жатыр емес пе?

Бірақ, өкінішті-ақ ...

Абзал Иманқұлов,Болашақ бағдарламасының түлегі.