$ 444.22  476.38  4.82

Студенттердің 95%-ы таныссыз прокуратураға жұмысқа тұру мүмкін емес дейді – Ж.Асанов

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов студенттермен және ұстаздармен кездесті. Ол жиын барысында өзінің студенттік шағы осы қарашаңырақта өткенін және бұл оқу ордасы Қазақстанындағы үздіктердің бірі екенін айтып өтті.

Кездесуде Бас Прокурор жаңа жұмысқа кіріскенде кадр таңдау мәселесіне баса назар аударғанын айтты. «Жастар арасында сауалнама жүргіздік. Студенттердің 95 пайызы танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деп жауап берген. Осы көзқарасты біз өзгерттік. Қазір еш таныссыз, байланыссыз бізге жұмысқа тұруға болады. Екі конкурс өтті. 2 мың кандидаттың ішінен тек 126-сы жұмысқа қабылданды. Оның 21-і, әрбір алтыншысы, осы Университеттің түлегі. Сондықтан сіздерді құттықтаймын» деп жиналғандардың көңілін көтеріп тастады.

Бұған қоса, Ж. Асанов жастармен тәуелсіздік жетістіктері тұрғысында ойымен бөлісті. Егемендіктің қадірі, шекара мәртебесі және Астананың қарқындап дамуы – жастардың қолындағы басты байлық екенін шегелеп айтты. Құрғақ сөз болмасын деп, адамдардың өмір сүру деңгейін 90-шы жылдармен салыстырып берді. Мәселен...

- өмір сүру 67 жастан 72-ге ұзарды;
- бір жылда 350 мың бала туылса, қазір 400 мың;
- бала өлімі 2 есе азайды;
- ана өлімі 6 есе төмендеді;
- 1 млн. қандасымыз елімізге оралды.

Осы жетістіктер мен құндылықтарды сақтап қана қоймай, жүрген жерде оны айтып, таратып жүру – әр азаматтың парызы екенін жеткізді.

Елбасы жолдауында айтылған басты бағыттар да сөз болды.

Бүгінгі күні қоғамда талқыға түсіп жатқан Конституцияның 26-шы бабына қатысты ойын да айтты. Бас прокурор бұл өзгерістердің жерді сатуға мүлдем  қатысы жоқтығын ескертті. Ешқандай жер өзгеге берілмейтінін шегелеп айтқан Ж.Асанов жұртшылықты қаңқу сөзге ермеуге шақырды. Қоғамға іріткі салуға құмарлардың әрекетіне жол берілмейтінін жеткізді. 

Ж.Асанов сөз соңында студенттерге ақыл-кеңестерін берді. Білім алып, көшбасшы болуға талпыну қажеттігін айтты. Адам өз-өзін дамыту үшін қажет қасиеттерді тізбектеп берді. Кітап көп оқуға кеңес берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары