21.02.2017, 06:07

ҚР БҒМ шетелден жұмысшы тарту үшін 2 млрд теңге жұмсамақ

Қазақстандық жоғары оқу орындарын шетелдік топ-менеджерлер басқаратын болады. Оларды елге тарту үшін ҚР Білім және ғылым министрі 2 миллиард теңге бөліп отыр деп жазады Informburo.kz.

Шетелдік мамандар мемлекеттік білім мен ғылымды дамыту бағдарламасы аясында Қазақстанға келеді. Олардың жүріп-тұруы мен жалақысына мемлекеттік бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп қойған дейді министрліктің баспасөз қызметі.

"Аталған бағдарлама 2016-2018 жылдарға арналған. Ол бойынша былтыр елімізге шетелден 22 маман келді. Олар Қазақстанның 11 жоғары оқу орнында жұмыс істеп жатыр. Бұл шетелдік мамандарға қазынадан 115,5 миллион теңге бөлінді", - делінген аталған хабарламада.

Ал, биыл шетелден тағы 40 топ-менеджер келеді деп күтілуде. Үкімет олардың жұмысы үшін 981,5 миллион теңге жұмсауға дайын отыр. 2018 жылға да дәл осыншама қаражат бөлінген. Білім және ғылым министрлігіндегілер шетелдік мамандар Қазақстанның білім беру саласын дамытатынына сенімді.