$ 494.87  520.65  4.91

Астанада толассыз жаңбырға қарамастан жолға асфальт төселген

Мердігер ұйым бұл қылығы үшін миллионға жуық шығынға батты.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Астанада жол салушылар толассыз жауған жаңбырға қарамастан асфальт төсеуді тоқтатпаған. Мұны көрген тұрғындардың шағымынан кейін төсеме жолдан қайта сыпырылып алынды. Ережеге бағынбаған мердігер ақыры шығынға батып, 50 метр жерді жаңадан төсеуге міндеттелді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

КТК телеарнасының сюжетінде айтылғандай, Астанада жауын-шашын мөлшері айлық нормадан көп түсті. Алайда жол жөндеушілерге жауынды ауа райы да кедергі емес екен. Нөсерлі жаңбырдың астында «жұмысқа берілген жандарды» байқап қалған қала тұрғыны басын шайқап, дәті шыдамай видеоға түсіріп алды. Бет-жүзін жасырған азамат мұны қаражатты желге ұшыру деп пікір білдірді.

Нөсерлі жаңбыр жауып жатқан кезде асфальт салған. Бәрін тегістеген ғой. Масқара! Қаншама миллиардтаған ақша кетеді. Біздің салық төлеушілердің ақшасы, – деп шағымданды тұрғындар.

Е117 көшесінен Ұлы далаға дейін созылған ұзындығы 816 метрге жол салуға жауапты мердігер жұмысты көктемде бастады. Кестеден қалып жатқан түгі жоқ. Жол күзде пайдалануға берілуге тиіс. Жаңбыр жауып тұрғанда тасжол төсеуге болмайтынын мердігер ұйым білмейді емес, біледі. Кеше кешкісін қызметкерлерден бөлек, басшылығы да осы маңда болды. Алайда жұмысты тоқтатуға құлық танытпады. Айтуынша, зауыттан асфальт тиеген жүк көлігі кеш келді, ал оны қайтарып жібере алмай, төгуге тура келген.

Жаңбыр, қара бұлт, нөсер айналып келді де, сол уақытта бункерге төгіп қойған. Бункердегін, амал жоқ, тастай алмаймыз, көтерген күйі тұрды. Жаңбырдан кейін соны жайып, артынан тегістеп тастадық. Сапасы дұрыс болмайтын жағдайда, біз алып тастап, саламыз, – дейді мердігер Оразбай Мырзабаев.

"Сапасы дұрыс болмайтыны анық" - дейді техникалық байқауды жүргізуге жауапты маман. Әрі кетсе, көктемге дейін шыдауы мүмкін. Артынша сапасыз тасжол үгітіліп, шашыла бастайды. Техникалық бақылау қызметкері жаңбыр келе жатқанын жол төсеушілерге бірнеше қайтара ескерткенін айтады. Алайда оны ешкім елемеген.

Жаңбыр келеді деген телефоннан болжам бар. Жұмыстарын тоқтаттым. Техниканың бәрін қойдық. Жаңбыр басталғаннан кейін мердігер мені ескертпей, жұмысын қайта бастап, 50 метрдей асфальтты жаңбырдың астынан салып кетті. Бр ескертеміз, екі ескертеміз, сосын ГАСКке жібереміз. Мердігерге сот арқылы айыппұл салады, – дейді техникалық байқау қызметкері Мадияр Әлкенов.

50 метрге тарта жол жабындысы толық сырылып тасталды. Ал ережені ескермей, жаңбырға қарамаған мердігер ұйым бұл қылығы үшін миллионға жуық шығынға батты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары