21.02.2017, 11:25

Қар көшкінінен қаза тапқан сарбаздардың отбасына 7 млн теңге өтемақы төленеді

Жамбыл облысында қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 7 млн теңгеге дейін өтемақы төленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай және моральдық қолдау көрсетілді. Мұнан бөлек, әрбір отбасыға 5 жылдық ақшалай табыс көлеміндегі бір реттік өтемақы төленетін болады. Ол орташа есеппен шамамен 4-тен 7 миллион теңге көлемінде болмақ. Қазір ол жақта тергеу органдарының өкілдері жұмыс істеуде. Нақты қорытынды комиссия жұмысы аяқталған соң жазбаша түрде беріледі», - деді С.Жасұзақов.

Еске сала кетейік, ақпанның 17-сі күні Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында болған қар көшкіні кезінде әскери дайындықтарын жүргізген жауынгерлер зардап шекті. 16 адам құтқарылса, 7 сарбаз қаза тапты.