Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша 12 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды, 17 ұсыным әзірленді. Бұл туралы «Әділ Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Осылайша, тамыз тыңдауының жеке блогы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимов атап өткендей, бүгінгі таңда білім беру саласы - мегаполистің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық қылмысты талдау білім беру жүйесіндегі қылмыстардың саны азаймайтынын көрсетеді.
Мысалы, 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде департамент білім беру саласындағы 17 қылмыстық істі тергеді.
Сондай-ақ жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бухгалтерлік есепті жүргізудегі көптеген елеулі кемшілікті ашты, бұл бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлауға әкелді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство 4 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, сондай-ақ 734 млн теңге сомасына бюджет қаражаты қайтарылды.
Осы статистиканы ескере отырып, бүгінгі таңда аналитикалық және ақпараттық-ағартушылық сипаттағы алдын алу шараларының кешені қолданылады.
Кеңеске қала әкімінің орынбасары, Білім басқармасының, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылары және 1000-нан астам білім беру өкілі қатысты.
Соңында кеңеске қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда өзара іс-қимылды жандандыруға және күш-жігерді шоғырландыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне жол бермеуге уағдаласты.
Сонымен қатар білім беру өкілдері тарапынан қолдау тапқан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын іске қосу туралы ақпарат педагогтардың назарына жеткізілді.