Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің үйдің кіреберісінде тұрған баласының арбасын әлдекімдер өртеп жіберген. Ол мұны өзіне жасалған қастандық деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналистер Мәжіліс кулуарында депутат Бақытжан Базарбектен өткен аптада баласының арбасын өртеу ісі жайлы сұрады.
Камераларды қарадым. Кіреберіске кіріп, арбаны өртеп жіберген. Менің ойымша, бұл –барып тұрған арандатушылық. Және мен мұны кәсіби қызметіме байланысты арандатушылық деп санаймын. Соңғы кездері менің тарапыма көптеген қоқаң-лоқы жасалып жүргенін байқап жүрмін, - деді Бақытжан Базарбек.
Алайда депутат бұл жағдай кімдердің тарапынан болып жатқанын білмейтінін айтты.
Бұл менің республикалық Жер комиссиясы басшысының орынбасары қызметін атқарған кезден басталады. Қазір біз «Жер аманаты» республикалық комиссиясымен бірлесіп, Forbes басылымына енген бірнеше олигархтың жерлерін тексеріп жатырмыз. Одан кейін Іле-Алатау саябағының жанында Новиков деген үлкен генералдың жері бар. Соның да жерін тексеруге алайық деп отырмыз. Сонымен қатар BI-Group жерлері де тексерілуде. Заң жобалары бар. Сондықтан, қай жақтан қауіп-қатер төніп жатқанын мен білмеймін. Айта алмаймын, бірақ өкінішке қарай біздің елді жай адам да, депутат та қорғалмаған - деді депутат.
Бақытжан Базарбек полицияға арыз жазып, ҚР Қылмыстық кодексінің 373-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауын сұраған.