05.10.2023, 05:30

Жастардың жаназаға баруы дұрыс па?

Фото: muftyat.kz
Қазір сыныптасының жақын туысы қайтыс болса, мектеп оқушылары жиналып, көңіл айтуға жаназа күні баратын жағдайлар да кездеседі.

Жастардың жаназаға баруы дұрыс па? Әлде жастардың жақынына, досына көңіл айту үшін дәл жаназа күні емес, басқа күні барғаны дұрыс па? Бұл сұраққа ҚМДБ мамандары мен балалар психологы жауап берді, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы шариғатымызда жастардың жаназаға бармауына қатысты арнайы тыйым жоқ екенін айтты.

Асыл дінімізде жаназаға қатысып, намаз оқу сауапты іс. Ол үлкен-кіші демей жалпыға қаратылып айтылған. Әбу Һурайрадан: "Алла елшісі (Алланың салауатымен сәлемі болсын): "Кім жаназа намазына қатысса, оған бір қират, ал жаназа намазына және мәйітті жерлегенге қатысатын болса оған екі қират" – деді. Адамдар: "Екі қират дегеніңіз не?" – деп сұрағанда, Алла елшісі (Алланың салауатымен сәлемі болсын): "Екі үлкен тау көлеміндегі сауап", – деп жауап берді, - деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

Қазір сыныптасының жақын туысы қайтыс болса, мектеп оқушылары жиналып, көңіл айтуға жаназа күні баратын жағдайлар да кездеседі. Бұл жайлы балалар психологы Сағынған Баршагүлден сұрадық.

Психолог қайғырып тұрған бала үшін оның жолдастарының келуі тек пайдасын тигізетінін айтты.

Бала - жеке тұлға. Оған "ол әлі бала, кішкентай" деп бөліп қараудың қажеті жоқ. Балаға да үлкен адамға сияқты қарым-қатынас жасаған дұрыс. Жаназаға бару да ешқандай ерсі ештеңе жоқ. Керісінше, балалар бір-біріне қолдау көрсетеді, қайғырып тұрған балаға жолдастары келсе, ол әкесінен немесе анасынан айырылса да, бұл ортада жалғыз қалмағанын түсінеді, жанында қолдайтын жолдастарының, туысқандарының бар екенін көреді. Ол біріншіден - баланы қолдау, екіншіден біздің қазақтың жаназасында бетін ашып қоятындай ешнәрсе болмайды. Оған қоса, адам болып қалыптасқаннан кейін қуаныш, қорқыныш, ашу, қайғы сезімдерін бастан өткізу қалыпты жағдай, - деді маман.

Сағынған Баршагүл баланың жақыны қайтыс болса, оны жасырудың, оған өтірік айтудың қажеті жоқ екенін түсіндірді.

Баланың жақындары, мысалы, әкесі немесе анасы қайтыс болса, оны туыстары "ол кішкентай, білмей-ақ қойсын, жүрегі жараланып қалады" деп қорғайды. Бірақ олар баланы қорғап жатқан жоқ, керісінше, балаға зиян тигізіп жатыр. Өзімнің жұмыс тәжірибемде мұндай жағдайлар кездеседі. Мысалы, кейде "балам агрессивті болып кетті" деп ата-аналар келеді: ол баланың әкесі қайтыс болған, оны балаға айтпаған. Олар балаға әкесінің жұмысқа кеткенін айтқан. Бала әкесін күнде күтеді. Күту - ең жаман нәрсе, содан балада агрессия пайда болады. Бала түгіл ересектер де күте алмайды. Сол баланың қайғысымен жұмыс істедім, әкесінің қайтыс болғанын айтқыздым, зиратына апардық, бала қалыпты жағдайға оралды, - дейді балалар психологы.

Сондай-ақ маман балаға өлімнің не екенін бала тілімен түсіндіруге кеңес берді.

Бала өлімнің не екенін білмеуі мүмкін, бірақ оны жаймен түсіндіру керек. Мысалы, әкең қайтыс болды, қайтыс болған адамдар енді келмейді, біз оны көре алмаймыз, бірақ ол бізді көріп отырады, төбеден қарап отырады, періште болып аспанда ұшып жүр деген секілді бала тілімен жайлап айтыңыз. Бала да үлкендермен бірге қайғыра білу керек. Адам әдетте жақыны қайтыс болса бір жыл қайғырады екен. Бала анасымен, жақындарымен бірге қайғырған кезде оған жеңілірек болады, - деп қорытындылады Сағынған Баршагүл.

Дереккөз: Massaget.kz