Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы дінтанушы Қабылбек Әліпбайұлының «баласын тастап кеткен әйелді «шеше» деп атайды» деп айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, бұл - ҚМДБ пікірі емес.
Оқи отырыңыз: «Бұл пікірді қолдауға мүлде болмайды»: Қабылбек ұстаздың «шеше» ұғымына қатысты сөзі қоғамда талқыға түсті
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбеге жұмыс сапарымен барып, ғылыми конференцияға қатысты.
«Қазақ руханиятындағы дәстүрлі исламның орны» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға дін қызметкерлерінен бөлек профессорлар шақырылған.
Бас мүфти іс-шара аясында тілшілердің Қабылбек ұстаз атымен танылған имамның «шеше» сөзіне берген анықтамасына қатысты сұрақ қойған.
Бұл азаматтың айтқан сөзі, жеке өзінің ойы болар. Бірақ біз шеше мен ананы қадір тұтқан, қасиет тұтқан жандармыз. Оны кеңінен насихаттап келе жатырмыз. Бір адамның пікірі ол мүфтияттың пікірі емес. Осыны айқын біліп алуымыз керек. ҚМДБ әкеге қатысты, анаға қатысты көптеген уағыз айтып жүр. Қазақтың кез келген құндылығы біз үшін қасиет саналады. Шеше де, ана да бір ұғым. Шеше де, ана да адамды дүниеге әкелген ең ардақтысы. Біз оны әрқашан құрметтейміз, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфтидің айтуынша, Қабылбек Әліпбайұлы республикалық ақпараттық насихаттық топтың мүшесі.
Біз жақында ғана республикалық ақпараттық топ және жергілікті ақпараттық насихаттық топтың тұжырымдамалық құжатын әзірлеп, олардың қолдарына бердік. Уағыз барысында, халыққа дәріс өткізу барысында неге көңіл бөлнуі керек? Құжатта жазылған. Қабылбек ұстаз қазіргі таңда РАНТ мүшесі болып есептеледі. Бірақ қазір сапарда жүр. Ол азаматқа қатысты шешімдер қабылданады, - деді Наурызбай қажы.