Шымкентте BMW автокөлігінің жүргізушісі 5 бірдей көлікпен соқтығысып, соңында жол бойындағы қоршауды қиратты. Оқиға 8 наурыз күні Жангелдин мен Шәмші Қалдаяқов көшелерінің қиылысында орын алған деп жазады Otyrar.kz.
Жол көлік оқиғасының қалай орын алғанын BMW жүргізушісі түгілі сол маңда болған куәгерлер де түсіндіріп бере алмай отыр. Белгілісі - Қалдаяқов көшесімен келіп, Жангелдин көшесінің қиылысында солға бұрылмақ болған. Одан әрісін ешкім білмейді.
BMW жүргізушісі дін-аман, өзін журналистерден аулақ ұстап, сұрақтарға жауап беруден бас тартыпты. Өзге көлікте болғандар да айтарлықтай зардап шекпеген. Тек бір жүргізушінің миы шайқалып, ауруханаға жеткізілді.
Жол көлік оқиғасы балабақшаның жанында, балалардың көп жүретін жол бөлігінде орын алғанын да айта кету керек. Демалыс болғандықтан қайғылы оқиға орын алған жоқ дейді портал тілшілері. Қазір мәселенің анық-қанығын полицейлер тексеріп жатыр.