Ақмола облысының Бурабай кентінде жаназа асынан уланғандардың сальмонеллёз жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әсем Төлеубаева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 26 ақпанында Бурабай кентіндегі дәмханалардың бірінде жаназа асына барған 232 адамның 44-і өздерін жайсыз сезініп, дәрігер көмегіне жүгінген болатын. Науқастардың барлығы іші өтіп, құсу, ыстығының көтерілуін айтып, шағымданған. Дәрігерлер тарапынан науқастарға бірден жедел медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде 10 науқас үйлерінде амбулаториялық ем қабылдаса, қалғаны мекенжайлары бойынша ауруханаларға жатқызылды.
Мамандар ауру жедел ішек жұқпасы немесе сальмонеллёз және сол күні асылған жылқы етінен болуы мүмкін деп дәмханадағы ас мәзірінің барлығынан зертханалық сынама алып, сараптамаға жібереді. Өйткені, жаназа асын ұйымдастырушылар етті өздері алып келген.
Науқастардың дені Бурабай ауданы мен Астана және Көкшетау қалаларынан барған адамдар. Осыған байланысты сол күні асқа шақырылған адамдардың барлығының аты-жөні анықталып, тізімдері жасалынды. «Зертханалық сараптама қорытындысына сай уланған адамдардың 43-і сальмонеллёз жұқтырғаны анықталды», деп түсіндірді Әсем Төлеубаева.