10.03.2017, 10:37

Қызылорда прокуратурасында бір полицей екіншісін атып өлтірді

Оқиға 8 наурыз күні орын алған. Мамандандырылған күзет басқармасының қызметкері әріптесін байқаусызда атып алған деп хабарлады Қызылорда облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

"Қайғылы оқиға 8 наурыз күні күндіз қалалық прокуратураның күзет бөлмесінде болған. Қызылорда облыстық мамандандырылған күзет басқармасының қызметкері табельді тапаншамен оқ атқан. Оқ жанында тұрған екінші полицейге тиіп, алған жарақаты салдарынан ол көз жұмды", - дейді ішкі істер департаментіндегілер.

Қазір әріптесін атқан полицей қамауға алыныпты. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Кісі өлтіру" бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.