13.03.2017, 04:44

Жүргізуші куәлігін «сатып алған» алматылық қыз әкесіне алғыс айтты

Алматылық бойжеткен жүргізуші куәлігін әкесі сатып әпергенін айтып, әлеуметтік желілерде мақтанды. Атап айтқанда, Айгерім Жамбылқызы есімді Алматы тұрғыны өзінің Instagram-парақшасына су жаңа куәлігінің суретін жүктеп, оны сатып әперген әкесіне алғысын айтқан.

Ал, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мамандары қазір жүргізуші куәлігінің қандай жолмен алынғанын анықтап жатыр. 21 жастағы бойжеткенге осынау құжатты Алматы облысының ішкі істер департаменті берген.

"Аталған жайт бойынша қазір Алматы облыстық ІІД тексеріліп жатыр. Қазір анықтағанымыздай, бұл қыз көлік жүргізуді мектепте жүргенде оқып үйренген. Ол 2013-2015 жылдар аралығында жүргізуші тапсыратын емтиханға қажетті бағдарламаны толықтай оқып меңгерген екен. Дегенмен, емтиханды қалай тапсырды және куәлікті қалай алғанын анықтайтын боламыз", - дейді ҚР ІІМ ӘПК баспасөз қызметі Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында.