Шымкентте "бопсалау" дерегі бойынша 36 жастағы ер азаматтың ұсталғаны жөнінде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Белгілі болғандай, күдікті ер азамат елге танымал белсенді Руслан Жанпейісов болып шықты.
Р.Жанпейісов бірнеше жылдан бері жол полициясы қызметкерлерінің заң бұзушылықтарын видеоға түсіріп, оны әлеуметік желілер мен Youtube видео-порталында жариялап келген еді. Ол осындай видео-материалдарының бірі үшін жәбірленушілердің бірінен 50 мың теңге алып жатқан жерінен қолға түсті.
Апта басында «Автомобильшілерге жәрдемдесу қоғамы» (АЖҚ) жетекшісі Руслан Лазута өзінің бейнеүндеуінде АЖҚ-ның бұрынғы белсендісі Руслан Жанпеиісовке "пара алмақ болды" деген айып тағылып жатыр деп мәлімдеген. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Жанпейісовтің өткен аптада ұсталғанын, Абай аудандық соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарғанын хабарлаған.
Онда 1980 жылы туған күдікті полиция қызметкерлерінен ақша алып, бопсалау мақсатында интернетке түрлі видео материалдар жариялайды деген ақпарат түскеннен кейін ұсталған делінген.