Ел ішінде орын алған осы істің оң нәтижесін көргеннен болар елтаңбаға қатысты көпшілік айтып жатқан сын-ескертпелерге, ұсыныстарға түсіністікпен қараймын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, PhD докторы Гүлнұр Борбасова Рәміздерді толықтыру, ішінара өзгерту, басқаша жасау әлемдік тәжірибеде де кездесетінін тілге тиек етіп, мұндай ұсыныстарға оң көзімен қарайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттік рәміздер – елдің өз алдына тәуелсіз мемлекет екенін айғақтайтын қастерлі белгі. Рәміздер ұлтқа, елге, жерге деген шексіз махаббат, рух сыйлайды.
Әрине, көк байрақтың да, әнұранның да, елтаңбаның да мықты мамандар арасында ұйымдастырылған тартысты байқаулар нәтижесінде жасалып, көпшілік қалауымен қабылданғаны белгілі. Бірақ бұған қарап мемлекеттік рәміздер өзгермейді, оларға толықтырулар енгізілмейді деген түсінік қалыптаспауы керек. Рәміздерді толықтыру, ішінара өзгерту, басқаша жасау әлемдік тәжірибеде де кездеседі. Оның үстіне, мемлекеттік рәміздерді қабылдайтын да, өзгертетін де – халық. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген бабалардан қалған аталы сөз бар емес пе? Сол секілді кезінде ел азаматтарының ұсынысымен әнұранымыздың өзгергені мәлім. Бұл өзгерістен ешкім ұтылған жоқ. Керісінше, айтылуы жеңіл, мағынасы терең, әуені ойнақы әнұранымыз көптің көңілінен шықты.
Ел ішінде орын алған осы істің оң нәтижесін көргеннен болар елтаңбаға қатысты көпшілік айтып жатқан сын-ескертпелерге, ұсыныстарға түсіністікпен қараймын. Әрине, жастардың елтаңбаның күрделілігіне, ондағы символардың көптігіне байланысты айтқан пікірлері жұрттың бәріне ұнай бермеуі мүмкін. Бірақ, қоғамда қанша адам болса, сонша пікір бар. Сондықтан, зайырлы, құқықтық мемлекет қағидасына сәйкес, айналамыздағылардың пікірін сыйлауымыз, ұсыныстарына құлақ түруіміз керек. Өйткені, мемлекеттік рәміз ортақ, бір елде, бір қоғамда өмір сүріп жатқан соң көпшілік пікіріне назар аудару маңызды. Оның үстіне, қазіргі жастар батыл, жаңашыл. Олар да елтаңбаға өзгеріс енгізу туралы ұсынысты бекер талқыға тастап отырған жоқ. Расында, елтаңбада аз символмен көп мағына бере алсақ құба-құп. Және мұндағы белгілер ешкімнің күмәнін тудырмайтындай, түсіндіруін қажет етпейтіндей нақты, анық болғаны жөн.