Астананы әлемнің 50 «ақылды қаласының» тізіміне енгізудің жаңа жүйесі жасалуда, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Astana.gov.kz сайтының жазуынша, халықаралық «Ernst&Young» компаниясының мамандары қазақстандық әріптестерімен бірлесе отырып Астана өміріндегі түрлі технологиялық инновацияларды пайдалануды зерттеуді бастады. Зерттеу нәтижесінде Елорданы әлемнің 50 «ақылды қаласының» тізіміне енгізуге мүмкіндік беретін жоспар дайындалмақ.
«Ernst&Young» компаниясы, ақылды қалаларды дамыту орталығының атқарушы директоры Уильям Хатчисон Астанадағы инновациялық технологиялардың даму барысын сөз ете келе, әлемнің «ақылды қалаларында» енгізіліп жатқан жүйелермен таныстырды. Оның айтуынша, үйдегі смарт теледидарлар немесе жеке компьютер «Ақылды порталдармен» жабдықталып жатыр. Онда қаланың модельдері кескінделген (i-қала, аурухана, ХҚКО тағы басқалар). Олардың әрқайсысы белгілі бір қызмет түрлеріне жауап береді (қоғамдық орталық, сервистік орталық, мемлекеттік қызметтер). Осылайша, қалаған кескінді таңдап, үйде отырып-ақ қажетті ақпаратты алуына болады. Ал, қажет болса, бейне байланыс арқылы кеңес алуға болады.
– Ал, Астананың «ақылды қалалардың» біріне айналуы үшін қаланың барлық бөлімдерін инновациялық үрдіске қосу керек. Ал, енгізілген жүйелер барлық тұрғындар үшін қолжетімді болуы керек, – деді Уильям Хатчисон.
Уильям Хатчисон 20 жылдық тәжірибесі бар, әлем бойынша ақылды-қалаларды құрудағы халықаралық сарапшы. Ол Сеул, Торонто, Сингапур, Стокгольм қалаларын «әлемнің ақылды» қалаларының тізіміне қосуға атсалысқан.