18.08.2014, 03:15

СІЗ МИНИСТР БОЛСАҢЫЗ, ОЛ – КОРОЛЬ!

Сурет: altaynews.kz

Кешегі аптаның соңғы үш күнінде Шымкент аспаны ұдайы Шәмші әндерімен тербеліп тұрды. Ұлы композитордың туған күніне орайластырылып жыл сайын өткізілетін ән байқауы бұл жолы да ел ішінде жүрген талай талантты ұл-қыздың жұлдызын жақты. Бұрын да осылай болған, амандық болса келер жылдары да аталған байқаудың өз дәстүрінен жаңылмайтынына сенгіміз келеді. «Құдай біздің Шәмшінің о дүниесін беріпті ғой» дегенді заманында ұлы композитормен бірге жүрген ауыл ақсақалдарының бірінің аузынан естіп едік. Бұлай айтатыны ол кісі Қалдаяқовтың тірі кезін көрген ғой... Екінші өмірінің басталғанын және көріп отыр. Сол қарияның айтқанына қосып-аларымыз жоқ десек те бір мәселені жұрт қаперіне сала кеткіміз бар. Ол – Шәмшінің шарапаты деген мәселе.

Көзі тірісінде композитор үйіне келе қалса тырысып қалған жандардың болған-болмағанын білмейміз. Білетініміз, көзі тірісінде туған жеріне Шәмші Қалдаяқовтың тигізген шарапаты шексіз. Дәлел дейсіз бе? Айтайық.

Ұлы композитордың кіші Отаны – Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданындағы қазір өз атымен аталатын бұрынғы «Темір» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшары екендігін екінің бірі біледі. Ол ауылдың адамдары облыс орталығына не Арыс қаласы, не аудан орталығы – Шәуілдір арқылы шығады. Жер жағдайы солай. Біреу білер, біреу білмес, сол ауылда жетпісінші жылдардың ортасына дейін не аудан орталығына, не Арыс қаласына қатынайтын асфальт жол жоқ болатын. Бүгінде ауылды екі орталықпен жалғап жатқан, ұзындығы 60 шақырымның жобасы болатын жол Шәкеңнің шарапатымен салынған. Мұны біз марқұмның өз аузынан естігенбіз. «Әй, Абай бала, ана ауылға баратын жолды білсең мына мен салдырғанмын. Облисполкомның сол кездегі председателі (ол кездері ешкім де облыстық атқару комитетінің төрағасы деп сөйлемейтін) Жамалбек Шәймерденовпен көңілім тату болды ғой. Шымкентке бір келгенімде жұмысына соқтым. Біраз әңгімелескеннен кейін Жәмкең мені өзімен бірге бірінші хатшыға алып кіріп таныстырды. «Қалдаяқов осы!» деді. Обалы нешік, бірінші аса ықыласты сөйлесті. Кетерімде «Шәмші, біз мынау елдің ортасында отырмыз, бұйымтайың болса, қысылма, айт» деп қалды. Мұндай мүмкіндікті мен де жіберген жоқпын. «Менің ауылым мынау Шәуілдір мен Арыстың ортасында жатыр. Сол ауылға Арыс жақтан да, Шәуілдір жақтан да келетін жол жоқ. Шымкентке келген сайын қарт әкеме соқпай кетпеймін. Әр келген сайын көретінім жол азабы. Мен ғой, жыл құсы секілді анда-санда бір келемін. Ал, жерлестерімнің аудан орталығына, Арыс қаласына, Шымкентке жиі-жиі баруларына тура келеді. Демек, олар жол азабын күнде көреді. Өзіме ешнәрсе сұрамаймын, мүмкіндігіңіз жетсе ауылымды осы азаптан құтқарыңыз» дедім. Бірінші де азамат екен, Шәймерденовке «шығынын есептетіңіз де осы жылдың бюджетіне енгізіңіз» деп менің көзімше тапсырма берді. Екеуміздің ауылымызға баратын қазіргі жолдың тарихы осындай. Кейін мен өлген соң ол жол менің атыммен аталуы тиіс» деп сөзінің аяғын әзілге бұрып жібергендей болды. Бәлкім, әзілі емес, шыны-ақ шығар. Дәл сол сәтте оның әзіл екенін, шын екенін біз пақыр ажырата алмағанбыз. Алайда, мәселе ол сөздің шын болғанында немесе әзіл болғанында емес, мәселе Шәкеңнің өз жерлестеріне тигізген шарапатында.

Сол Шәкең салдырған жолдың бүгінде тамтығы қалмаған. Абзалы ұлы композитордың туған жеріне көлікпен емес, жаяу барған. Сол тиімді, сол жеңіл. Әлемдегі алғашқы отыз елдің қатарына кіруді мұрат тұтып отырған мемлекет еш болмаса өзінің Әнұранын жазған композиторының туған өлкесіне баратын жолды жөндей алар емес. Біреулер «жол жөнделеді екен» десе, енді біреулер «Жоқ, мүлде жаңадан қайтадан салынады екен» дейді. Анығын Алла біледі. Себебі бұл әңгіменің шыққанының өзіне кемінде ондаған жыл болды. Жылда «келесі жылы қолға алынады екен» дейді, бірақ сол астан-кестең күйі...

Әжептәуір қылып жолды айтып отырмыз, бұл ауылда бір кездері Шәмші Қалдаяқов жұмыс істеген әп-әдемі Мәдениет үйі де бар. Жергілікті әкімқаралар тоқсаныншы жылдардың аяғына таман сол Мәдениет үйін де шымкенттік бір пысық кәсіпкерге небәрі 3 мың теңгеге сатып жіберген оқиға болған. Білуімізше, әлгі кәсіпкер клубтың құрылыс материалдарын сатып байымақшы болған көрінеді. Қайта сол жолы Шәмшінің көзін көрген, Шәмшінің әкесі Қалдаяқ атаның көзін көрген ауыл қариялары қайрат көрсеткен ғой. Олар өз зейнетақыларынан 3 мың теңге жинап, кәсіпкердің қолына ұстатыпты. «Клуб үшін төлеген ақшаң мынау, ғимаратқа тиюші болма. Бұл жәй ғимарат емес, кие қонған ғимарат. Мұның мінбесінде басқа емес, Мұхтар Әуезовтің өзі тұрып, сөз сөйлеген. Бұл клубта әнін өзің күнде ыңылдап айтып жүрген Шәмші Қалдаяқов жұмыс істеген. Киеге ұрынбаймын десең пайданы басқа жақтан ізде. Бір кірпішін бұзып алатын болсаң, одан кейінгі тағдырың басқаша болады, шырағым» депті. Клубты қариялар осылай аман сақтап қалған. Ол қариялардың да басым көпшілігі бүгінде о дүниелік болып кетті. Сол қариялардың бірі Молданазар Омбаев жарық дүниемен дәл Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық ән байқауы өтіп жатқан күні қоштасты. Сексен сегіз жасында.

Иә, клуб орнында тұр. Алайда, клубтың бүгінгі қызметінің ауқымы бұрынғыдай емес, тіптен тар. Мұнда ерте кездердегідей ешкім де кешкісін киноға келмейді. Бұрынғыдай Алматыдан, Шымкенттен түрлі-түрлі өнер ұжымдары келіп, спектакль, концерттер де қоймайды. Ол үшін біреулерді кінәлап, жазғырған да орынсыз. Осындай бір заманға тап болған шығармыз. Дегенмен, осы бір ғимараттың рухани қызметін тоқтатпайтын жол бар. Осы клубтың ғимараты аясында ән падишасына арналған мұражай ашып жіберсе, небәрі 60 шақырымның төңірегіндегі жолды жөндесе оған республиканың түкпір-түкпірінен келушілер де табылар еді. Композитордың ағайын-туыстары, іні-бауырлары әлі де сол ауылда тұрады. Демек, мұражайға композитор өміріне қатысты жәдігер табу мәселесін мүмкіндігінше шешуге болады. Тек жанашырлық керек.

Р.S. Жоғарыда Шәмші ауылының қариялары көрсеткен мінезді, қайратты, жанашырлықты айттық. Сол мінез, сол қайрат, сол жанашырлық ең бірінші кезекте бүгінгі ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына керек болып тұр. Министр мырза осыдан екі ай шамасы бұрын ресми сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына әдейілеп барып қайтты. Пианистігін айтпай-ақ қоялық, Мәдениет министрі екендігі рас болса, Астанадан сонша ат әуре болып барғанда Шәмші Қалдаяқовтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторының кіші Отанына жарты сағатқа болса да ат басын бұрар еді ғой. Тіпті арнайылап тұрып та баратын реті. Барған болса, арнайылап бармай-ақ қойсын, еш болмаса сапар барысында ат басын бұрған болса Шәмші ауылының бүгінгі жай-күйін көріп, дабыл қағар еді ғой. Өкінішке қарай, министрдің кеңсесінен ондай дабыл естілмейді. Шәмші Қалдаяқовтың мәдениетке мүлдем қатысы жоқ сияқты... Қазақ Қалдаяқовтай композиторларға сүрініп құлап жатқан сияқты...

Қалай болғанда да, Қалдаяқовты Сіз іздеуіңіз керек, министр мырза?! Қалдаяқов Сізді іздемейді, оны әлдебіреулерді алдыңызға шақыртып алғандай етіп, алдыңызға да шақыртып ала алмайсыз. Себебі, Сіз Министр болсаңыз, ол Король ғой...

 

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS. KZ».