Қазақстанда 1 қыркүйекте бірінші сыныпқа 270 мыңнан астам бүлдіршін барады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасай отырып.
«Алдын ала мәліметтер бойынша 2014-2015 оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар 2 млн. 498 мың 819-ды құрады. Оның ішінде 277 мың 575-і бірінші сынып оқушылары», делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, мектеп формасын киетін оқушылардың саны артып келеді. Мәселен, 2012-2013 оқу жылында аталған киім үлгісін 4,5 мың мектепте 1,6 млн. бала (61 пайызы) кисе, 2013-2014 оқу жылында 5,4 мың мектепте олардың саны 1,8 миллионға (72 пайызы) жетті.
Оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ, министрлік бекіткен тізім негізінде мектеп кітаптарын 20 қазақстандық баспа шығарады.
— Атап айтқанда, тапсырысқа сәйкес басылып шығарылатын оқулықтардың құны бекітілген бағамен сатылады, яғни олар 300-700 теңге аралығында болады, — деп түсіндірді министрлік өкілдері.