Еліміздің Көк туын көтеріп, тәуелсіздігімізді насихаттап, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін ояту және өңірлер арасында мәдени байланысты нығайтуды мақсат еткен жастар киелі Маңғыстаудан басталған сапарларын қазақ даласының әр қиырында жалғастыруда, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қазақстан – Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке. Осы байлығымыз бен қазыналарымызды насихаттау үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен арнайы экспедициялық топ құрылды. Ағымдағы жылдың 1 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде «Менің Елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» атты этнографиялық автоэкспедицияның тұсауын кесіп, жолға салды.
«Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы 8 қазан күні Ақтөбе облысына келді. Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті психология докторы, профессор Темерхан Бердімұратов бастаған университет ұжымы экспедиция құрамын ықыласпен қарсы алды.
Еріктілер университеттің тарихымен, жетістіктерімен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу шағын концерттік бағдарламамен басталды. Жүргізуші Данияр Жұмаділов жиынға қатысушыларға алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл экспедицияның мақсаты туралы айта келіп, құрамын таныстырды. Қатысушыларға Маңғыстау өңірі, табиғаты, көрікті жерлері, тұрғындары туралы түсірілген бейнеролик көрсетілді. Фотокөрме ұсынылды.
Өлкетанушы Марат Утесинов қазақ халқының мәдениеті, соның ішінде Маңғыстауға ғана тән салт-дәстүрлері туралы баяндаса, түркітанушы ғалым Бекболат Төлегенұлы Түркі қағанатының бүгінгі мұрагері – қазақ халқының, ұлы даланың даңқты тарихы туралы, әдебиеттанушы Бақтыбай Жайлау өлке әдебиеті туралы әсерлі әңгімелерін айтты. Ұлыбританиядан келген итальян әншісі Сон Паскаль қазақша және ағылшын, итальян тілдерінде ән шырқап, жастардың көңілін көтерді. Кездесуге қатысушылар арасында байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтар – экспедиция логотипі бейнеленген футболка-бейболкаларға ие болды және Маңғыстау облысына саяхаттауға жолдама алды.
Экспедицияның ауқымы кең. Оның бір бағыты – «Тілек картасына» қолтаңба қалдыру. Ақтөбеліктер Қазақ елі картасының өз өңірі бейнеленген бөлігіне қазақстандықтарға, маңғыстаулықтарға ақ тілектерін жазып қалдырды.
Кешке қарай Қостанайға жеткен «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Дәрібаев Мұрат Амангелдіұлымен кездесті.
– Біздің облыс – астықты өлке ретінде таныс. Астықтың 25%-ы осы жерде өндіріледі және ұнның 30%-ы шығарылады. Өндірістік сектор жақсы дамыған–сүт, ет, «Баян-Сұлу» кәмпиттері, одан басқа, өздеріңіз білесіздер, мұнда темір рудасын өндіретін ірі тау-кен кәсіпорындары орналасқан. Бұл – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорны. Басқа да алтын өндіретiн кәсіпорындар бар. Ең соңғы жаңалық – өздеріңіз Ssang Yong Nomad көлігінде жүрсіздер – соңғы үш жылда бізде машина жасау саласы күшті дамыды. Өскеменмен бірге Қостанай Қазақстандағы машина жасау орталығы болып саналады. Бұлар – жеңіл автомобиль шығарылатын облыстар. Сіздердің экспедицияларыңыз қазақстандық жастарды «Мәңгілік ел» ортақ идеясына біріктіруге бағытталған. Оның мәні зор екенін айтып жату артық, өйткені сіздердің эстафеталарыңызды Елбасының өзі бастап берді. Сондықтан да бүкіл аймақтарды біріктіретін, еліміздің жастарына патриоттық сезімді дамытуға, Қазақстанның бір бөлшегін, өз мемлекетінің бір бөлшегін жүрегінде сақтауға үлгі болатын экспедиция құрамына жастардың енгені қуаныш. Сондықтан біз бәріміз, оның ішінде жастар да, жұмыс істеудеміз. Біз жақында Жастар ісі жөніндегі кеңес өткіздік, соңғы екі-үш жылда жастардың ертеңгі күнге деген сенімі 15-17%-ға өскені байқалды. Біз сіздердің эстафеталарыңыз Елбасы саясатын, оның ішінде жастарды қолдауды барлық бағыттарда әрі қарай іске асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз.
«СарыаркаАвтоПром» зауытын көрудің өзі ғибратты болды, бұл зауытта «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясын Қазақстан бойынша аралауға мүмкіндік беріп отырған көліктер дүниеге келген. Зауыт қызметкерлері Toyota Fortuner және Ssang Yong Nomad көліктерінің барлық құрастыру кезеңдерін паш етті. Бұдан соң экспедициякөліктерді автошеруге даярлады. Автолекті Қазақстан туын ұстап қарсы алған, ашық та жарқын әрі достық пейілі кең қала тұрғындарын көрудің өзі ғанибет. Автошеруді сондай-ақ өздерінің жолдан тыс жүретін колоритті көліктерімен келген Қостанай жүргізушілері қолдады.
Бұл кезде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Маңғыстау өлкесіне арналған керемет экспозиция қойылды. Екі жыл ішінде қазақ тілін үйреніп алған итальяндық Сон Паскальдің өнеріне ҚМУ студенттері бірге үн қосты – Қазақстанның солтүстік аймақтарында қалыптасқан тілдік селкеулікке қарамастан, қазақ тіліндегі әндерді бүкіл зал қосыла шырқады.
Концерт аяқталар тұста, топтың әкімшілік бөлігін алаңның демонтажын жасауға қалдырып, экспедиция мүшелері Қазақстанда алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық мұражайына аттанды. Торғайда ашылған осы алғашқы мектепке қазан айында 150 жыл толады. Мемориалдық мұражайда қазақстандық ұлы ағартушының өмірі мен қызметіне бірнеше зал арналған, онда ғалымның өмірлік құжаттарымен қатар, біздің замандастарымыздың материалдары да жинақталған.
11 қазанда экспедиция көліктері механиктің, жүргізушілер мен әкімшілік топтың ере жүруімен техникалық қызмет көрсетуден өтіп жатқан кезде, аймақ қонақтарының ең әуесқойларына Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бірқатар экспозициясымен танысу мүмкіндігі ұсынылды. Әсіресе, оларды тарихтан бұрынғы замандарға арналған залдар қызықтырды, оларда «Тобол ойшылы» тас мүсіні, мамонттардың сүйектері, неолит заманындағы Торғайдың маханджарлық мәдениетінің археологиялық ескерткіштері, сондай-ақ ғарышкерлерге және аймақтағы табиғи байлық, оның ішінде алтын мен асбест өндіруге арналған стендтер орналасқан.
Меймандар Достық үйіне шақырылды, онда Қостанай облысында тұратын диаспора жұмысын жүргізіп келеді. Саяхатшылар тобын «Дуслык» татар-башқұрт ұлттық орталығы төрағасының міндетін атқарушы Р.В.Бектемиров қарсы алды. Күннің екінші жартысында «Золотой фазандағы» түскі астан кейін экспедиция қатысушыларын Қостанай ауданы қабылдап, өз кезеңінің ең жас әкімдері: Мичурин ауылдық кеңесінің әкімі Әділ Өміртаев, Заречный ауылдық округінің әкімі Қалыбек Жұмашев және Затобол поселкесінің әкімі Алексей Тарасов құттықтады.
Затоболда блогерлер мен журналистер Ыбырай Алтынсариннің кесенесін, «Астана» спорт кешенін, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытын аралады. Экспедиция мүшелерінің көлігі кесененің маңына аялдағанда жол бойы жауып тұрған жаңбыр да тоқтады. Мұны жақсылыққа жорыған олар кесене қасында, ашық аспан астында Ыбырай рухына арнап дұға оқыды.
«Астана» спорт кешені биылғы жылдың шілдесінде ашылған, жалпы аумағы 2500 шаршы метрден астам жерді құрайды. Мұнда облыс орталығы мен аудан тұрғындарының шағынфутбол, баскетбол, волейбол, бокспен айналысуына мүмкіндік бар. Бұл – Қостанай облысындағы ең үлкен алаң, ол республикалық жарыстар үшін де пайдаланылады.
Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты 2013 жылы өзінің 125 жылдығын атап өтті. Шаруашылыққа кіреберісте XIX ғасырда қызыл кірпіштен тұрғызылған атқора орналасқан. Бұл атқоралар бұрынғыша пайдаланылады, бірақ негізгі жұмыс, атап айтқанда, селекция бойынша жұмыстар, одан алыстау жердегі үйлерде жүргізіледі. Қазақстанда өсірілетін жылқылардың қостанайлық тұқымы 1951 жылы ресми түрде бекітілген. Қазіргі таңда жылқы зауытының алдында жылқылардың жаңа, мамандандырылған спорттық тұқымын өсіру міндеті тұр.
– Біз нағыз көшпенділерміз, келесі экспедицияға атпен шығу керек, – дейді жылқы зауытынан әдемі әсермен шыққан блогерлер.
2 қазан күні таңертең экспедиция мүшелері Қазақстанның ең солтүстіктегі қаласы – Петропавлға да келіп жетті. Жолда кездескен алғашқы қар да мұны еске салып тұрды. Бұл жаққа габаритті ұшақтар ұшпайды, жол қиындығы жетерлік, сондықтан Солтүстік аймаққа қонақ та көп келе бермейді. Жергілікті тұрғындар «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық экспедиция мүшелерін көргенде қуаныштарында шек болмады.
Петропавл – іргетасы 1752 жылы қаланған, республикадағы ең ескі қалалардың бірі. Жергілікті жердегі Петр және Павел шіркеулеріне 200 жыл болған, Янгуразов мешітіне – 130 жыл. Екі ғимарат та бірнеше жыл бұрын жаңартылған. Мереке күндері мұнда 10 мыңдай адамға дейін жиналатын кездер болады.
Қаладағы ботаникалық бақтың негізі 1912 жылы қаланған. Бақта алғашында ет-консерві зауытына қажетті пияз бен лавр жапырағы өсірілген. Есесіне, бұл бақ қазір – үйлену тойы кортеждері соқпай өтпейтін орынға айналыпты. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған екіжүзжылдық пальма мен финик пальмасы да жастардың назарын өзіне үйіріп тұрады.
Дәстүрлі таныстыру рәсімі жергілікті университетте өтті, фотокөрмені тамашалаушылар мен концерт тыңдағысы келгендер екі қабатқа әзер сыйды.
«Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясының картасындағы алтыншы қала – Ақмола облысының орталығы Көкшетау. Қараңғы түсіп, жаңбыр құйып тұрған уақытта келе салысымен, техникалық топ алдымен алдағы іс-шараға қажетті экспозиция мен сахналық алаңды дайындау үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне аттанды. Ауыр жолдан шаршағандарын басып, демалып алған соң, таңертең «Номад» экипаждары автошеруге шықты, дәстүр бойынша ол облыс орталығының басты көшелерімен жүріп өтеді. Автошеру Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қабырғасында аялдады, мұнда қонақтарды аймақтың белсенді жастары қарсы алды.
Экспедицияға қатысушыларды Ақмола облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Шахимардан Асқарұлы Байманов құттықтады:
– Қасиетті Көкшетау жеріне қош келдіңіздер, құрметті «Менің елім – Мәңгілік ел» этнографиялық экспедициясының өкілдері!
Елбасының Мәңгілік ел туралы идеясы бүкіл Қазақстанның ұлттық идеологиясына айналуда, біздің ата-бабаларымыз осыны армандаған. Бұл өте үлкен жоба, ол еліміздің әрбір өкілі үшін стимул болуға тиіс, жас буынды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеудің негізі болып табылады. Міне, бүгін экспедицияға қатысушылар бізге, Көкшетау қаласына, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне келді, ал сіздер, жастар, осыған қатысу арқылы бүкіл Қазақстанның жастарына үлгі болуға тиіссіздер.
Ақтау қаласында туып-өскен этнографтар КМУ студенттеріне қасиетті жерлер мен Каспий теңізінің жағалауындағы айрықша ескерткіштерге бай Маңғыстау өлкесі туралы бейнефильм көрсетті. Кездесуді жастардың жүрегіне жол тапқан Сон Паскальдің концерті жалғастырды, Қазақстандағы итальяндықтың әндері жастарды бір арнаға тоғыстырды.
Көкшетаудан шығар алдында экспедиция қаладағы екі кәсіпорынды аралады, олар – «КокшетауМинводы» және ENKI кірпіш зауыты.
ENKI кірпіші – бүкіл Қазақстанға кең таралған үй салу үшін қолданылатын құрылыс материалы. Кірпіш өндіретін балшықты осы жерде жасайды, облыста, бірнеше кен ошағында, кірпішті күйдіру кезінде де табиғатты аялау назардан тыс қалмайды: пештерде газ жанарғысы қолданылады. Бүкіл процесс автоматты күйге көшірілген. ENKI – Қазақстандағы керамикалық кірпіш өндіретін ең ірі зауыт. Зауыт 2010 жылы Көкшетауда ПФИИР бағдарламасы бойынша іске қосылды. Өндірістік қуаты – жылына 60 млн. дана кірпіш шығарады. Олар еліміздің барлық аймақтарына таралады.
«КокшетауМинводы» – бұл «Kulager – Arasan» минералды суы және «Turan» ішімдіксіз сусындары. Компания шығаратын өнім Қазақстанның барлық жерінде сатылады және көптеген шетелдік көрмелерге қатысып, сапасы үшін марапаттарға ие болған.
Енді Бурабайға соғып, экспедицияны күтіп отырған балалармен жүздесу қажет. Шортанды өзенінің жағасында орналасқан «Балдәуренге» жеткенде, таза ауа мен балалар лагерін қоршап жатқан қылқан жапырақты ормандардың хош иісі келушілердің көңілін көтерді. Жолаушыларға осы жерге түнеуге тура келді.
Басты бағыт – Абылай хан алаңы. Ортасында Абылай ханның ескерткіші тұрған бұл алаң хан ордасында орналасқан. Орманға тақау жерде тастан тұрғызылған тақ бар – аңыз бойынша, бұл – Абылай ханның тағы. Мұнда ескерткіштер көп, олардың ішінде Үш апалы-сіңлілі жартасы бар, экспозиция қойылған залды қымызхана мен бағасы қолжетімді сый-кәде дүкені толықтырып тұр. Осы бір тамаша өлкенің сұлу жерлерін экспедицияның www.kzexpedition.kz сайтындағы бейне күнделіктерінен көруге болады.
Осы бір қызықты өткен күнді Сон Паскальдің концерті аяқтады, ол бүгінгі кездесуді өз өміріндегі ең керемет концерт деп атады, өйткені оның бүгінгі көрермендері – Қазақстанның әр түкпірінен «Балдәуренге» келген шынайы көңілді, бауырмал балалар болды. Балалар лагерінің қонақжай қызметкерлерімен және балдырғандармен қоштасып, «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы шахтерлер қаласы Қарағандыға аттанды.
Металлургтер қаласы – Теміртауда біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еңбек жолын бастаған. Ол жұмыс істеген №4 цех қазір мұндағы басты көрнекті орындардың бірі, сондықтан бұл жерге соқпай өту мүмкін емес. Қаладағы «АкселорМитал Темиртау» кәсіпорнынан алған әсеріміз ерекше – зауыттың өзінің көлемі кішігірім қала іспетті, балқытылған металл да, адамдар да – қатаң, табанды, нағыз ерлер.
Қарағанды аймағы – тек металлургия мен өнеркәсіпке ғана байланып қалмаған екен. Константин Станиславский атындағы театр мен ұлы драматургке қойылған ескерткіш келгендерге қатты ұнады. Қаланың барлық жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясының көптеген өкілдері келді. Іс-шара өте көңілді өтті! Жастар біздің әңгімелерімізге сонау замандарда ауылдағы адамдардың көшпенділерді ұйып тыңдағанындай ықыластана құлақ салды. Сон Паскальдің концерті әдеттегідей керемет қалыпта өтті.
Қарағандылықтар әзілді сүйеді, қала орталығында «Где? Где? В Караганде!» деген ескерткіш қойылған. Әйгілі «Жолы болғыш джентельмендер» фильміндегі осы бір ауыз сөз қаланың даңқын асқақтатып жібергендей. Бұл аймақтан елімізге танымал көптеген жазушылар, актерлер, журналистер шықты. Ең бастысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын бастап, қайраткер ретінде өсіп, шыңдалған өңірге шынайы сүйіспеншілік сезімі бәрімізді баурап алды.
Павлодар облысына келгенде танысу Ақсу қаласынан басталды. Бұл өнеркәсіптік қалада екі бірдей үлкен кәсіпорын бар – электр стансасы және темір қорыту зауыты. Зауытта өте көп жастар жұмыс істейді, тіпті директор Сергей Прокопьевтің жасы 30-да ғана. Мұнда Олимпиада ойындарына қатысушы да жұмыс істейді, «Темп» деп аталатын өз КВН командасы мен газеті бар. Таяуда ғана Ақсудың 2 мыңға жуық жұмысшысы мен тұрғындары патриоттық флешмоб өткізді, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бейнелі жазба арнады. Флешмобқа қатысушылар тіпті Гиннесс рекордтар кітабына енді. Павлодар облысын жалпы жастар аймағы деп атауға болады. Ақсуда Жаяу Мұса атындағы ерекше колледж бар, онда бір мезгілде спорт шеберлігіне, өнер, дизайн, металлургия, кітапхана ісі, құрылыс саласына үйретеді. Павлодардағы ЖҚО – жастарға қызмет ету орталығының өзі неге тұрады? Павлодар облыстық әкімдігі жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Наталья Нефедова айтқандай, орталықта 13 жастар ұйымы бар.
19 қазанды экспедиция мүшелері Ақсу темір қорыту зауыты мен жұмысшы жастармен тілдесуден бастады, олар – АЗA және ЕЭК АҚ жұмысшы жастар кеңесінің өкілдері, Жаяу Мұса атындағы және Қара металлургия колледжінің студенттері. Аралап қарап шығу үшін №2 және №6 балқыту цехтары таңдап алынды, онда зауыттағы ең үлкен пеш орнатылған. АЗФ өндірістік-техникалық басқармасының басшысы Александр Родыгиннің айтуынша, зауытта үнемі жаңарту жүргізіледі, №6 цехты қайта жаңарту жөнінде топ құрылды, оның қуаттылығын 40%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Дайын шикізат тиейтін жабдықтар қойылған алаңда келушілерді Жұмысшы жастар кеңесінің төрағасы Никита Цыбенко мен Қара металлургия колледжінің директоры Ренат Құсайынұлы Дүйсекенов әңгімеге тартты.
Ақсу қаласының символдық нышанын әкімнің орынбасары Светлана Анатольевна Гладышева экспедицияға қатысушыларға тапсырды:
– Құрметті «Менің елім – Мәңгілік ел» республикалық экспедициясына қатысушылар, қаламыздың қонақтары, кездесуге қатысушылар! Біз бүгін Ақсу темір қорыту зауытының аумағында тұрмыз, бұл – Павлодар облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі, онда 6 000-нан астам адам жұмыс істейді.
«Қазақстанның әлеуметтік жаңаруы – Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында еліміз Президенті біздің қоғамның дамуы үшін жасалатын нақты істерге тоқталды және бұл мәселелердің орындалуы үшін айқын тапсырмалар берді. Ары қарайғы дамудың қазақстандық үлгісі ретінде Мемлекет басшысы Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясын ұсынды. Шындығында да, еңбексүйгіштік, еңбектің жоғары өнімділігі және кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндігінсіз жаңа формациядағы азаматтың білімін сөз ету мүмкін емес. Міне, сондықтан да, қойылған мәселеге орай, біз еңбек шешуші фактор болып табылатынын және жастарды оқыту мен тәрбиелеуде алдыңғы жоспарға шығатынын баса айтамыз. Бүгін бізге кәсіби-техникалық жүйені қайта жаңғырту керек және жоғары жалақылы жұмыс мамандығын алу жастар арасында танымал да сәнге айналуы үшін шаралар қолдануымыз қажет.
Темір қорыту зауытын аралаған соң, экспедицияға қатысушылар автолекпен Ақсу көшелерімен жүріп өтті.
Павлодарлық ғашықтар жиі аялдайтын бір жер бар екен: Сәтбаев көшесін жерасты жолы арқылы қиып өтіп, «градусникке» трамвай арқылы кездесуге келеді. Павлодардағы трамвайлар – ең кең тараған әрі танымал көлік түрі, жол жүру ақысы – 55 теңге. Ал Кривенко мен Естай көшелерінің арасындағы жерасты жолы Сәтбаев көшесін қиып өтеді, бұл жерге өнер жауһары орналасқан дерсің – ондағы қабырғаларға ғарыштық көріністер салынған, ал параллельді дәлізде метро пойызын күтушілер, танымал фильмдердің кейіпкерлері, эстрада артистері мен саясаткерлер бейнеленген. «Градусник» кездесуге қолайлы жерде орналасқан – осы тұстан Ертіс жағалауына дейін таяқ тастам жер. Және бұл көрініс Павлодар мен Ақтауды жағалауында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен бастау алған «Менің елім – Мәңгілік ел» экспедициясы жақындастыра түсті.
Әр аймақтағы жарқын сәттердің бірі қала көшелеріндегі автошеру деп айтуға болады, бұл кезде экспедицияға қатысушыларды қалалықтар қарсы алып, жылы лебіз мен тілектерін жаудырады. Павлодардағы автошеру бұрынғылардан өзгеше болды – мұнда ол ақынның жыр-шашуы мен «Лига женщин-мусульманок» және «Славянский центр» өкілдерінің нан мен тұз ұсынуынан басталды. Естай атындағы Мәдениет сарайына жиналғандар алдында экспедиция жетекшісі Евгений Рибалко, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарма басшысы Наталья Владимировна Нефедова сөз сөйледі. Салтанатты кездесу ұлттық бимен аяқталды, бұдан соң эстафета картасындағы қала санын символмен көрсететін 16 көліктен тұратын экспедиция автолегі Павлодар көшесімен жүріп өтті.
Павлодар облысының елтаңбасындағы тау мен арқар суреті жоғары ой-ниетке, жаңа жетістіктерге деген ұмтылысты бейнелейді. Чалдай тамаша ормандары мен Баянауыл таулары бар Павлодар облысы Қазақстан Республикасындағы ірі өнеркәсіп аймағы болып табылады.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Орсариев Арын Амангелдіұлы құттықтау сөз сөйледі:
– Біз қанша әртүрлі болсақ та, Қазақстанның қай жерінде тұрсақ та: Маңғыстау ма, Атырау ма, Орал ма, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды ма, бүгін, міне, Павлодар – біз бәріміз Қазақстанның біртұтас халқымыз деп айтамыз, шыққан тегімізге, этникалық сипатымызға, қандай дінді ұстанатынымызға, әйел ме, еркек пе – оған да қарамастан, біз бәріміз Қазақстанның патриоты болып саналамыз. Біз – бір ел, бір халықпыз. Қазір аталған акция әрі қарай жалғасуда, бізден кейін олар Шығыс Қазақстанға, сосын Алматы облысына, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда және ақырындап Ақтауға оралады, акция Астанада аяқталады. Жалпы, Қазақстан бойынша Павлодар облысы – тұрғындардың 5%-ын және өнеркәсіптік өнімнің 7%-ын құрайды. Қазақстанда пайдаланылатын 5 тонна көмірдің әрбір 3-еуі осында өндіріледі. Қазақстандағы бес көліктің екеуі біз өндірген жанармаймен жүреді. Қазақстандағы бес шамның екеуі Павлодар облысында өндірілген электр энергиясымен жанады. Жалпы, біздің бүкіл үлесіміз кез келген патриоттық істі қуана қолдайды. Біз Қазақстан біздің ортақ отанымыз дейміз, біз оның гүлденуі үшін бірлесе жұмыс істейміз және сіздердің әрі қарай жолды жалғастыра отырып, барған жерлеріңізге тұрақтылықты және адамдардың бір-бірімен сөйлесіп, танысуын өте қатты қолдайтын Павлодардан сәлем жолдауларыңызды қалаймыз. Біздің аймағымыздан шешуші көлік бағыттары: Орталық Азия – Ресей, Қытай – Қазақстан – Ресей бағыттары өтеді. Ресейді Қазақстанның оңтүстігімен және орталығымен байланыстыратын теміржолдар осында. Облыста елдің оңтүстігі Шымкентке қарай ірі қазақстандық мұнай құбыры, сондай-ақ Ертіс-Қарағанды су арнасы бастау алды. Біздің су қантамырымыз болып табылатын Ертіс Қазақстанның бүкіл солтүстік-шығыс аймағын – Қарағанды, Павлодар және шығыстың өнеркәсібін суландырады. Электр энергиясын тасымалдау арқасында біз достарымыз – ресейліктерді Омбы облысы, Алтай өлкесі арқылы Курган облысына дейін электр энергиясымен қамтамасыз етеміз. Павлодар облысының әлеуеті өте жоғары, біз Қазақстанның барлық өңірінің гүлденуін қалаймыз. Жалпықазақстандық қорға қосқан біздің үлесіміз – бұл ғалымдар: академик Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермахан Бекмаханов және басқалар, жазушылар: Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Павел Васильев, Всеволод Иванов. Біздің артистердің аты елімізден тыс жерлерге де танымал: Шахимардан Әбілов, Мария Мудряк, спортшылар Дәулет Шабанбай, Людмила Прокашева, Светлана Ампичева, Ольга Сафронова. Солардың өмірі бүгінгі жастар үшін үлкен үлгі-өнеге деп білемін.
Экспедиция этнографтары Қазақстанның тарихи және табиғи айрықша ескерткіштері туралы бейнефильмді таныстырып жатқанда, Тілек кітабына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Жастар бастамаларын дамыту орталығының бөлім жетекшісі Еркебұлан Күнтуған мен Қазақстан халқы ассамблеясы Жастар бірлестіктері Үйлестіру кеңесінің төрағасы Элина Паули өз жазбаларын қалдырды.