03.04.2017, 05:35

Қарқаралыда суға кеткен ағайындыларға қатысты жаңа дерек айтылды

Кеше кешке Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Нүркен Әбдіров ауылында ағайынды екі азамат суға ағып кеткен болатын. Ағысы қатты Қопа өзеніне түскен олардың денелері әлі табылған жоқ. Ал, ағайынды екеумен бірге болған ауылдың тағы бір тұрғыны оқиғаның дәл қалай өрбігенін Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында мәлімдеді.

Ағайындылардың үлкені 44-те, кішісі 36 жаста болған. Аудан әкімі Халел Мақсұтовтың айтуынша, өзеннің арғы бетіне өздігімен өтіп кеткен ауылдың үш тұрғыны қауіпсіздік техникасын өрескел бұзған.

"Ағайындылардың бірі жанындағы досымен өзенге бара жатқан жолда учаскелік полицейге жолығып қалған. Тәртіп сақшысы оларға өзеннің тасып жатқанын, кесіп өтуге тыйым салынғанын айтып, ары қарай жібермепті. Олар болса көнгенсіп, полицей кетіп қалған соң бәрібір өзенді кесіп өткен. Оқиғаны естіген бауыры болса арттарынан барып, інісін құтқарамын деп өзенге ол да қойып кеткен. Негізі құтқарушыларды шақыруы керек еді. Жас жігіттер емес, үлкені 44-те, кішісі 36 жаста", - дейді аудан әкімі.

Ал, өзеннің арғы бетінде 6 сағат бойы құтқарушыларды күткен үшінші тұрғын қайғылы жайттың көз алдында өрбігенін айтып отыр. 34 жастағы Сұңғат Көпбалинге ауыл тұрғындары мен аудан әкімі құтқарушылар келгенше арқанмен тамақ пен жылы киім жеткізген. Ол оқиға болар сәтте Қопа өзені 2 метрге дейін көтерілгенін айтты.

"Дархан мен Сайран менің көз алдымда суға ағып кетті. Ойымнан әлі кетер емес. Таңертең сағат 10-да біз Дарханмен жылқыларды іздеуге шықтық. Ол кезде өзен тыныш еді, айтарлықтай көтерілмеген. Ал, қайтар жолда су арнасынан 2 метрдей көтерілгенін байқадық. Еріген қар суы өзенге құйылып жатыр екен. Өздігімізбен өзенді кесіп өте алмайтынымызды білдік. Айналып өтетін жол да жоқ. Ауылдастарды көмекке шақырдық, Дарханның інісі Сайран да келді. Жылқыларды бір-біріне байлап, өзенді кесіп өтпек болдық. Суға бірінші Сайран түсіп, ағып кетті. Дархан оны құтқарамын деп ол да суға кетті. Екеуі де ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Тек 100 метр қашықтықтан жылқылары жағаға өздері ғана жүзіп шықты", - дейді куәгер.

Мұнан кейін ауыл тұрғындары құтқарушыларға хабар берген. Дарханның артында - үш, Сайранның екі баласы қалды.