Шымкенттік полицейлер базарларда тұрғындардың қалтасына түсіп, ұрлық жасаумен айналысып келген қылмыстық топтың жолын кесті. Топ құрамы 23-46 жас аралығындағы 5 әйелден тұрған. Олар Шымкент пен Созақ ауданының тұрғындары дейді ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.
Күдіктілер ақшадан бөлек бағалы заттар, ұялы телефондарды қолды етумен айналысып келген. Олардың әзірге ондаған қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр.
Әйелдердің қылмыс жасау схемасы әртүрлі болған. Негізінен олар жәбірленушілерге барып, сатушы ретінде түрлі тауарларын ұсынады екен. Бірі осылайша көңілін аударып тұрғанда, өзгелері арттан келіп саудаласып тұрған адамның әмиянын, ұялы телефонын ұрлап отырған. Күдіктілерді ұстау үшін ең тәжірибелі полицейлерден құралған топ жұмыс істепті.
Шұғыл іздеу жұмыстары барысында 1971, 1982, 1985, 1991 және 1994 жылғы бес әйел адам ұсталыпты. ОЛардың төртеуі бұған дейін сотты болған. Қылмыстық топтың 50-ден астам ұрлық жасағаны белгілі болып отыр. Келтірілген шығын көлемі 6 миллион теңгеге жуық. Полицейлер күдіктілерді тінту барысында ұрланған дүниелердің жартысы табылды.