Кеше Санкт-Петербургте орын алған лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар қатарында Қазақстан азаматы Максим Арышев те бар. Ол аталған қаладағы Экономикалық университеттің 3-курс студенті болған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Facebook-парақшасында жазылды.
"Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің нақтыланған мәліметтеріне сүйене отырып, осыған дейін із-түссіз жоғалып кетті деп саналған Қазақстан азаматы Максим Арышевтың 2017 жылдың 3 сәуірінде Санкт-Петербургте болған терактінің салдарынан қаза тапқанын хабарлаймыз. Бұл барлығымыз үшін қайғылы жағдай", - делінген аталған жазбада.
Айта кетейік, ресейлік БАҚ өкілдері кеше теракт болған жерден Қазақстан азаматының паспорты мен студенттік билеті табылғанын жазған болатын. Артынша студент Максим Арышевтің із-түссіз жоғалып кеткені айтылды.